ҚазАқпарат тілшісі осы шоуға қатысушылардың бірі, «МұзАрт» тобының мүшесі Мейрамбек Бесбаевтың пікірін білген еді.
- Осы уақытқа дейін АҚШ, Еуропа, Ресейді дүбірлеткен «Екі жұлдыз» бағдарламасы Қазақстанға да келіп жетті. Бұл бағдарлама жайында айтарыңыз бар ма?
- Жалпы мұндай бағдарламалар қай әлемнен келсе де, тек оны бас-аяғына дейін көшіріп алмай, жақсы тұстарын алып, халыққа ұсына білген дұрыс қой. «Екі жұлдыз» бағдарламасы шет елдерден келген балама бағдарлама болайын деп отыр. Әйтсе де бұл бағдарламаның басы-қасында жүрген мамандардың барлығы да тиянақты, әрі оперативті түрде жұмыс істеп жатыр. Соған қарағанда, жақсы бір дүние шығады-ау деп ойлаймын. Бұрын-соңды болмаған қызық, әрі тартымды телешоу болайын деп тұрған сияқты. Сахнаның декорациясы маған қатты ұнады. Бағдарлама өзі бірнеше турдан тұрады. Оның бірінші турында қазақ эстрадасының кез келген әнін орындау керексің, ал екінші турында өнер жұлдыздарының бірімен жұптасып ән айтсаң, үшінші турда - кез келген фильмнен және мультфильмнен үзінді келтіресің деген сияқты.
- Өзіңіз айтып отырғандай, бағдарламаның екінші туры екі жұлдыздың басын қосып ән шырқатады екен. Жезтаңдай әнші Мейрамбектің жұбы кім болады?
- Ұйымдастырушылардың айтуы бойынша, мен Абай атындағы опера және балет театрының бишісі Сәуле Рахметовамен бірге ән айтамын.
- Жалпы қазақстандық шоу бизнесті насихаттайтын телебағдарламаларға көңіліңіз толады ма?
- Түк те көңілім толмайды. Қазақ әншілері мен олардың әндері насихатталмайды. Күні бойы болмашы бір жеңіл-желпі дүниелерді көрсетіп, түнгі 12-ден кейін ғана бір рет жылт еткізіп өтеді. Телеарна да сол, радио да сол. Тәуелсіздік алғанымызға 18 жылдың жүзі болды. Өзбек ағайындарымыздың өзі шоу бизнесін аяқтан тік тұрғызды. Олар да тәуелсіздікті бізбен бірдей-ақ алды ғой. Ал біздің елде шоу бизнестің дамуы өте баяу дамып келеді. Отандық шоу бизнесті дамытуда БАҚ үлкен рөл ойнайды ғой. Мысалы, «МузАРТ»-тың жаңа шыққан әнін Алматы тыңдап-тыңдап жауыр бола бастағанда, Петропавл мен Павлодардың шалғай аудандарына сол ән бір, бір жарым жылдан кейін ғана жетіп жатады. Жарайды, қазақ әнінің тыңдарманы 2-ақ пайыз делік. Бірақ оны насихаттау жұмыстарын дұрыс жолға қоймай шоу бизнесті дамыта алмаймыз. Біз барымызды салып дайындаламыз, клип түсіреміз, бірақ көрсетпейді. Мен мысалы, ешкімге артық ақша төлегім келмейді. Жақында Роза Рымбаевамен бірге тамаша ретро ән жаздық. Ол әннің жазылғанына да біраз болды. Еш жерден көрген жоқпыз, естіген де жоқпыз. Телеарналар мен радиолардың басында отырған ағаларымыз осындай жақсы әндерді халықтың игілігі үшін шығарып берсе болады ғой. Қазақ жерінде жақсы әншілеріміз көп қой. Әсіресе, қазіргі жастар жанып тұр. Дауысы да, келбеті де келісе кеткен дарынды жастар жоқ емес, бар. Бұрынғыдай фонограмамен емес, таза дауыста шығып жүр. Қазақ әндерін кеңінен насихаттау үшін бәсекелестік туғызатын телебағдарламалар жоқтың қасы.
- Жалпы шоу бизнесті насихаттайтын немесе басқа да шоу бағдарламалардың сапасы көңіліңізден шығады ма?
- Жоқ, көпшілігі талғамға сай келмейді. Неліктен? Өйткені, телестудиялардың көпшілігінде бұрыннан келе жатқан операторлар мен жарық түсіруші мамандар жұмыс істейді. Олардың орнына тұла бойы жаңалыққа толы, идея, фантазияға тұнып тұрған, жаңа заманның талабына сай жұмыс істей білетін жастарды қою керек. Сосын бізде таныс-тамыр деген қанға сіңіп қалған дүние бар. Қолынан келе ме, келмей ме, әйтеуір соныкі дұрыс. Мұндай олқылықтар телеарна саласында жиі көрініп жүр. Құдайға шүкір, жоқ емес, бар ғой сахна тілін жоғары дәрежеде меңгерген қыз-жігіттер. Оларды неге алмайды телеарна? Мен өзім ылғи телеарналардың режиссерлері мен жарық түсірушілерімен ылғи ұрсысып жүремін. Жалпы планда алғаны соншалық, бетіңнің безеуіне дейін үлкейтіп тұрып көрсетеді.
- Өзіңіз қай телеарнаны жиі көресіз? Ерекше ұнайтын телебағдарламаны атай аласыз ба?
- Құдайға шүкір, жақында «Асыл арна» деген телеарна ашылды. Үй ішімізбен отырып соны көреміз. Мен тек ғана жаңалықтар көремін.