Осы жоба жайында бағдарламаға қатысушы әнші-актриса Айгүл Иманбаевамен сұхбаттасқан едік.
- Жуырда «Қазақстан» ұлттық арнасында «Екі жұлдыз» шоу-бағдарламасы көрермен назарына ұсынылмақ. Сіз әнші-актриса ретінде осы жобаның алғашқы меймандарының бірі екенсіз? Айтыңызшы, жобаға қатысуға мүмкіндік қалай туды? Өз тарапыңыздан қызығушылық болды ма, әлде арнайы шақырту алдыңыз ба?
- Жаз айының ортасында ХитТВ телеарнасынан Динара Адамова телефон шалып, үш айға созылатын осындай бағдарлама бар, қатысуға қалай қарайсыз деп ұсыныс жасады. Кейін кездесіп жобамен танысып, білген сон келісімімді бердім. Әрине, өзіме де қызық болды, бір адамның бастамасы емес, «Қазақстан» ұлттық телеарнасы, «ХитТВ» арналарының ұйымдастыруымен болып жатқандығы және кәсіби деңгейдегі мамандар бас қосып жұмыс жасайтындығы қызықтырмай қоймады. Сол себепті де келісімімді бердім.
- Жалпы, АҚШ, Ресей телеарнасында да осы аттас бағдарлама бар екені белгілі. Бұл тарапта қандай пікірде қалдыңыз?
- Жасыратыны жоқ, еліміздегі бағдарламалардың көбісі Ресейден алынады. «Сенбілік кеш», «Комеди клаб» сияқты, қайсысын алмаңыз, көбі қайталанып жатыр. Ал Ресейдің өзі Еуропадан алып жатады, кім біледі, теле жобалардың өзінің бір ағымы бар шығар қайталанып жататын. Қазір ештеңеге таң қалуға болмайды, бізден Қырғызстан қайталауы мүмкін. Ең бастысы, ұлттық нақышта, қазақи болмысын қамтитын болса, онда нұр үстіне нұр болар еді.
- Жаңа жобаның сізді қызықтырған негізгі ерекшеліктерін атап өтсеңіз?
- Мені қызықтыратын тұсы - мұнда тек екі әнші ғана ән айтпай, кино, саясат, бизнес, сияқты басқа саланың адамдарымен бірігіп ән айтуында. Мен өзім Мұрат Мұтырғанов деген цирк артисімен қосылып ән айтам. Ол шоу-бизнесте әрі сахнаға шығып жүрген адам, сонымен қатар ән саласында өнері бар екен, осы тұрғыдан келгенде Құдайдың оң көзімен қарап отырғаны шығар деп ойлаймын. Кейбір әншілерге ән айтуды білмейтін, басқа саланың адамдары жолығып жатыр, соған қарағанда Мұрат әлдеқайда жоғары деп ойлаймын.
- Қазақ телеарналарында ұлттық шоу-бизнесті насихаттауға арналған бағдарламалар жеткілікті деп ойлайсыз ба?
- Шыны керек ұлттық нақыштағы бағдарламаларға ішім ашиды. Мұндай мәселелермен күнделікті қақтығысып қап жатамын. Бағдарламаларда болсын, күнделікті өмірде де орысша шүлдірлегендерін көріп қарным ашиды. Ұлтжандылық, тіліміз, салт-дәстүріміз, дініміз жайында жеткізе алмай жатқанымызға өкінем. «Зачем мне этот казахский язык» дегенді қазақтардың аузынан естігенде, жүрегің қалай ауырмайды. Осы тұрғыдан келгенде шоу-бизнесте ақсап жатамыз. Мүмкін бұл мәселені жоғарғы жақтан бастап шешу керек шығар.
- Сіздің шығармашылығыңыз үшін театр мен теледидар саласының қайсысы басымырақ деген ойдасыз?
- Қазіргі таңда теледидар, эстрада жанры басымырақ. Өйткені театрда бір жарым жылдай болды жаңа рөлді ойнамадым, тек бұрынғы рөлімді ойнап жүрмін. Ол шығармашылық өсуге жатпайды, тек күнделікті жұмыс ретінде қайталана береді. Бұл уақыт мен үшін бір тоқырау кезеңі болды десем артық болмас. Енді ғана Ермек Аманашаевтың «Балкон» деген қойылымына дайындалып жатырмын. Сондай-ақ казан айының 15-іне таман, Құдай қаласа, жаңа клипім телеарналардан көрсетіліп қалатын шығар.