***
«Төл ғарыш аймақтарын дамытуға кіріскен Ресей буынып-түйініп, ақырын-ақырын «Байқоңырдан» кетуге әзірленіп жатқанға ұқсайды. Осындай мәліметке қалаулылар кешегі жалпы отырыстарында «Қазғарыш» басшылығының өкілінен қанықты. Айтпақшы Парламент Мәжілісінің кешегі жалпы отырысының күн тәртібінде ғарыш тақырыбы үстемдік еткенін атап өткен жөн. Мәселен кешегі еліміздің «ғарыштық мегажобасының» іске асырылатын мерзімі айқындалды: Қазақ елінде енді екі жылдан соң, төл ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешені пайда болады. Және Нұрсұлтан Назарбаев пен Николя Саркозидің достық қарым-қатынастарының арқасында, бұл істе қазақтардың
бас әріптесі француздар болмақ», деп жазады «Айқын апта» «Байқоңырға» кірудің жаңа тәртібі енгізіледі» атты тақырыптағы мақалада.
Осы басылымға сұхбат берген Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің төрағасы Найман Қалабаевтың айтуынша, ұлттық бірыңғай тестке қазірше балама жоқ. Аталмыш мәселе жөнінде білгіңіз келсе, «Айқын аптаның» осы санын оқыңыз.
Сондай-ақ басылым «Кәсіп түбі нәсіп» атты мақала арқылы ақжолтай жаңалықты жеткізіпті. Мақала авторының сөзіне қарағанда Қазақстанда мүгедектер арасындағы кәсіпкерлер қатарын көбейтетін тұңғыш тележоба ашылды. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының Басқарма төрағасы Болат Мұқышевтың айтуынша, алдағы уақытта эфирге шығатын осындай бағдарламаның көмегімен еліміздегі көптеген мүгедек жандар өз кәсібін ашу мүмкіндігін алады.
***
«Алаш айнасы» басылымы «Балқаш тартылып барады» деп дабыл қағуда. «Киелі өлкеден кие кетті» атты тақырыппен жарияланған мақала авторы Балқаш тіпті екінші аралдың кебін киюі мүмкін деп қауіп етіп отыр. Сондықтан оған мемлекет тарапынан қолдау қажет. Балқаш мәселесінің күннен күнге ушығуына түрлі факторлар әсер етуде. Соның ең біріншісі әрі өте қауіптісі - Қытайдан ағып Балқашқа құятын Іле өзенін көзі қысыңқы ағайындардың жібермей отырғандығымен байланысты болып отыр.
Сондай-ақ осы басылым биылғы астықтың болжамы жауын-шашынға тәуелді екендігін жазады. «Елімізде көктемгі егіс жұмыстары аяқталды. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметтеріне сәйкес, биыл 16,4 миллион гектар алқапқа жаздық дәнді дақылдар егілді. Яғни астықты алқап былтырғы жылға қарағанда, 316 мың гектарға кеміді. Есесіне елдің ішкі нарығындағы сұранысты қамтамасыз ету үшін аса қажетті майлы дақылдар егістігінің көлемі ұлғайды», деп жазады мақала авторы. Бұл мәселе жөніндегі мәліметтерден «Алаш айнасы» басылымының бүгінгі санынан көруге болады.
***
«Астанада үйлі болам деген үмітін арқалаған үлескерлерді былай қойып, мансардты құрылысқа ақша салған азаматтардың да мәселесі шешіле бастады. Күні кеше ғана осындай 17 тұрғын «Фаворит»
тұрғын кешенінен пәтер кілтін алды» деп жазады «Астана ақшамы» «Мансардшылар үйлі болды» атты мақалада.
***
«Нұр Астана» басылымы бүгінгі санында бірнеше қызықты сұхбат жариялаған. «Антарктидадағы пингвиндерге ғана концерт берген жоқпыз» атты тақырыппен берілген сұхбатта әйгілі «Ұлытау» тобының домбырашысы Ержан Әлімбетов өзінің шығармашылық жолындағы еңбектері мен оның қыр-сырымен және күйшілік өнер жөнінде әңгімелейді. Ал жақында ғана ашылған қыз-келіншектерге арналған «Салнұр» журналының Бас редакторы Гүлнәр Адамова болса, «Полигамиялық некеге қарсылығым жоқ», дейді тап осындай тақырыппен брілген сұхбатта. Журналистпен болған әңгіме барысында Бас редактор гендерлік саясат, көп әйел алу, мұсылман әлеміндегі еркек пен әйелдің бейнесі және олардың қазіргі қоғамдағы көрінісі сияқты мәселелер тұрғысында өзінің ой-пікірлерімен бөліседі.
***
«Казахстанская правда» басылымы «Ел экономикасын дамыту мен оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру инфрақұрылымды дамытумен тікелей байланысты. Сондықтан да Мемлекет басшысы өзінің биылғы Жолдауында экономикалық дамуға үдемелі индустриялық даму арқылы қол жеткізуге болатындығын атап көрсетті. Ал темір жол көлігі жүк және жолаушылар айналымының негізгі бөлігін қамтитындығын ескерсек, Мемлекет басшысы алдыға қойып отырған міндетті жүзеге асыруда «Қазақстан темір жолы» компаниясына үлкен жауапкершілік артылғалы отыр. Бұл саланы дамыту шаралары Қазақстан Республикасының көлік инфрақұрылымын дамытудың салааралық бағдарламасында және «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамын 2020 жылға дейін дамыту стратегиясында көрсетілген. Аталмыш құжаттардың негізгі идеологиясы темір жол көлігіндегі қызметті нығайтып, осы саланы негізгі бағыттарын жетілдіруді қамтиды», деп жазады. Осыған қарай басылым ұлттық компанияны дамытудың негізгі 7 бағыты туралы баяндайды.
***
«Неделя литер» басылымы бүгін шыққан апталығында Табиғи ресурстар мен табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы Алматы қаласын жасылдандыру жұмыстары бойынша рейдтер ұйымдастырғандығын жазады. Оның нәтижелері бойынша қалада соңғы уақытта тал-теректер отырғызумен қатар гүл отырғызу және гүлзарларды қалпына келтіру жұмыстары бойынша жүйелі шаралар атқарылып жатыр. Осыған қарай бүгін қала көшелері түрлі -түсті әсем гүлдермен безендірілген. Қала басшылығы бұл бағыттағы жұмыстары әлі де болса жетілдіре түсуді жөні көріп отыр. «Биылы жылы маусымдық гүл көшеттері 103 шаршы метр аймаққа отырғызылды. Көктемде 10 мың көшет отырғызылса, күзге таман тағы 15 мың түрлі ағаштар егіледі» деп жазады басылым «Цветем и пахнем» атты мақалада.