Екібастұз жылу электр орталығының 10 қазандығы жөнделеді
«Алдағы жылыту кезеңінде қауіпті аймаққа енгізілген энергетикалық кәсіпорындарды анықтадық. Меншік иелері жөндеу жұмысын қаржыландырмауына байланысты әкімдік, «Өскемен жылу желілері» және «Риддер жылу электр орталығы» акционерлік қоғамының арасында станцияда жөндеу жұмыстарын жүргізу туралы келісімге қол қойылды. Қазіргі уақытта мердігер ұйымдар барлық 6 қазандықты жөндеп бастады. Сонымен қатар қажетті материалдар сатып алынады, құбыр өнімдері жылу электр орталығына әкелініп жатыр. Сондай-ақ жылу желілеріне жөндеу жүргізілуде», - деді Алмасадам Сәтқалиев Үкімет отырысында.
Оның айтуынша, Қаржы министрлігімен бірлесіп Үкіметтің және жергілікті атқарушы органдардың резервін пайдалану қағидаларына өзгерістер енгізіліп жатыр.
«Екібастұз жылу электр орталығының сенімді жұмысын қамтамасыз ету шеңберінде алдағы жылыту маусымында 10 қазандықты жөндеу көзделген. Қазіргі уақытта 7 қазандықта жұмыс жүріп жатыр. Коммуналдық меншікке қабылданған 5 су жылыту қазандығын жөндеуге Үкімет резервінен 7,4 млрд теңге бөлінді. Қалған 5 бу қазандығы, сондай-ақ қосалқы жабдықтар, ғимараттар мен құрылыстар «Орта Азия электр энергетикалық корпорация» акционерлік қоғамының есебінен жөнделеді», - дейді ол.
Сондай-ақ, министр «АрселорМиттал Теміртау» акционерлік қоғамының екінші жылу электр орталығында №1 қазандықты жөндеп бітіру мерзімі мамырдан тамызға ұзартылғанын айтты.
«Жезқазған жылу электр орталығында № 4 қазандықты жөндеуді жеделдету, сондай-ақ энергетикалық жабдықтың барлық жоспарланған жөндеу жұмыстарының орындалуын қамтамасыз ету қажет», - дейді ведомство басшысы.