Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовтың айтуынша, Екібастұз қаласында диагностикалық орталық ашу көптен бері көкейде жүрген мәселе. - Бұл қуанышты оқиғаның ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен тұспа-тұс келгені көңілімді одан сайын жадырата түсті, - деді Болат Бақауов. - Келесі жылы біз Екібастұз қалалық ауруханасының үш корпусын галерея арқылы жалғайтын боламыз. Сонда аруханаларға келушілер бір ғимараттан екіншісіне қиындықсыз өтетін болады. Орталықта науқастарды қабылдау қалалық емхана мамандарының жолдамасы арқылы немесе азаматтардың өтініші бойынша жүргізіледі. Мұнда окулист, лор, кардиолог, пульмонолог, нефролог, ревматолог, эндокринолог, функционалды және эндоскопиялық диагностика дәрігерлері қабылдайды. Мекемеге 247 миллион теңге сомасындағы медициналық құрал-жабдықтар сатып алынған. - Орталықта жоғары сыныпты УДЗ аппараттары, көз және тыныс жолдары органдарының патологиясын анықтайтын аппараттар бар, - дейді Екібастұз қалалық аурухананың бас дәрігері Мұхаметқайыр Андосов.
Бұл жабдықтар науқастардың дертін тез арада анықтап, оларды уақытында емдеуге мүмкіндік береді.