Екібастұзда алып бала дүниеге келді

ЕКІБАСТҰЗ. ҚазАқпарат - Екібастұз қаласында биылғы жылы салмағы алты келіге жуық екінші бала дүниеге келді. Бұл туралы Екібастұз перзентханасының бас дәрігері Гүлнар Буратаева айтты, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

«23 сәуір күні салмағы 5,9  келі, бойы  69 сантиметр ұл бала туды», - дейді Гүлнар Буратаева. - Ана мен баланың жағдайы жақсы.  Перзентханадан үйіне шығарылған.   Бұған дейін екі баласын өзі туған. Осы жолы  акушерлік көрсеткіштер бойынша  ірі бала  туылатыны  алдын ала ескертілген. Сондықтан кесір тілігі арқылы алынды».

 Бас дәрігер соңғы кездері  дүниеге келетін ірі салмақты сәбилердің саны артқанын атап өтті. - Өткен жылы мұндай үш бала туған, - дейді ол. Биыл бұған дейін сәуір айында бес келіден асатын балғын жарық  дүние есігін ашқан.  Салмағы бес келіден асқанда «гигант балалар», төрт келіден асқанда «ірі балалар» деп атайды. Мұндай жағдай көбінесе әйелдердің тамақтануына, аз қозғалуына байланысты орын алып  жатады. Сонымен қатар, қант диабетіне шалдыққан жандар да кездеседі және тұқым қуалаушылықтың да әсері бар.