«Сот шешімімен айыпкердің бас бостандығы екі жылға шектелді және өмір бойына мемлекеттік қызметте, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, Ұлттық банкте, өзге де мемлекеттік ұйымдар мен мекемелерде және жарғылық капиталдағы мемлекет үлесі 50 пайыздан асатын ұйымдарда жұмыс істеу құқығынан айырылды», - деп хабарлады Екібастұз қалалық сотының баспасөз қызметі Алмагүл Әбілдинова.
Нұржамал Мақұмова өз айыбын толық мойындады. Ол ҚР Қылмыстық Кодексінің 361-бабы, 2-бөлімі «Өз өкілеттігін асыра пайдалану» бойынша сотталды. Үкім 15 тәуліктен кейін өз күшіне енеді. Бұл аралықта сотталушы үкімге қарсы шағым түсіре алады.
А. Әбілдинованың айтуынша, мемлекеттік айыптаушы соттан дәл осы жаза түрін сұраған. Н.Мақұмова сот залында босатылды.
Еске сала кетсек, 11 шілде күні Н.Мақұмова мектеп директорларынан ҰБТ-ны сәтті тапсыруға ақша жинады деген күдікпен ұсталды.
Павлодар облысы бойынша жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ұлттық бюро департаменті тергеу басқармасының басшысы Руслан Куватовтың мәлімдеуінше, қалада жүйелі түрде ақша жиналып келген және бұл іске қаладағы барлық жалпы білім беру мекемелері қатысқан. Әр мектеп директоры білім мекемесінің Ұлттық бірыңғай тестілеуді сәтті тапсыруы үшін 100 000 теңгеден өткізген. Бұған қоса, қылмыстық іске білім бөлімінің басқа да қызметкерлері тартылған.