Екібастұзда өртте күйік шалған ер адам жансақтау бөліміне жеткізілді

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Екібастұз қаласының Шідерті кентінде Әуезов көшесі бойындағы көпқабатты тұрғын үйде болған өрттен 1977 жылғы ер адам зардап шекті.

Бұл туралы  облыстық ТЖД баспасөз қызметінің маманы Гаухар Сыздықова мәлім етті, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

«1 қаңтар күні бір бөлмелі пәтер толығымен жанып кеткен. Тілсіз жау 40 шаршы метр аумақты шарпыған. Өртті сөндіру кезінде  ысты газдан уланған ер адам Екібастұз қалалық ауруханасының жансақтау бөліміне жеткізілді. Оған  «бірінші және екінші дәрежеде аяқтарының күюі» диагнозы қойылды», - дейді Гаухар Сыздықова.

Өрт болған  тұрғын үйден өздігінен 10 адам сыртқа шыққан. Оның алтауы - бала. Қазіргі таңда  өрттің шығу себебі мен келтірілген шығын көлемі  анықталуда.