Екібастұзда тұрғын үйден өрт шығып, екі адам құтқарылды

Фото: Фото: Павлодар облысы ТЖД баспасөз қызметі
ЕКІБАСТҰЗ. ҚазАқпарат – Екібастұз қаласында өрт сөндірушілер екі адамды тілсіз жаудан аман алып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Павлодар облыстық Төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап.

«28 сәуірде 12 сағат 57 минутта «101» пультіне Екібастұз қаласы Кеншілер көшесі, 15б мекенжайындағы тұрғын үйдің 2-қабатындағы балконы түтіндеп жатқаны туралы хабарлама келіп түсті. Өрт сөндіру бөлімшелері дереу оқиға орнына жетті. Олар 4 шаршы метр алаңда ағаш балкон жанып жатқанын анықтап, тұрғындарды эвакуациялады. Шұғыл шаралар барысында 2 адам құтқарылды, оның біреуі – бала», - делінген хабарламада.

Ақпаратта айтылғандай, тілсіз жау 13 сағат 11 минутта оқшауланып, ал 13 сағат 15 минутта толық сөндірілді. Өртті сөндіруге 2 техника мен 7 қызметкер жұмылдырылды.

Айта кетсек, күні кеше Екібастұзда екі қабатты үй шатырының жанып кеткені туралы хабарлаған едік. М. Жүсіп көшесіндегі тұрғын үйден шыққан өртпен 7 техника мен жеке құрамның 40 маманы күрескен. Тілсіз жаудан зардап шеккендер жоқ. Екі қабатты үйден 30 адам эвакуацияланды. Оның ішінде жетеуі – бала.