Екібастұзда жаңа балабақша ашылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында Павлодар облысы Екібастұз қаласында «Балапан» балабақшасының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Мектепке дейінгі мекеменің ғимараты ERG және Павлодар облысының әкімдігі арасындағы 2016 ж. әлеуметтік жобаларды іске асыру жөніндегі Меморандумның шеңберінде қалпына келтірілді. Аталмыш мақсаттарға 288 млн теңгеден артық қаражат жұмсалды.

Нысанды ашу рәсіміне Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов, Екібастұз қаласының әкімі Қайрат Нүкенов, «Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы» АҚ президенті Валерий Гриненко қатысты.

-  Балалар және олардың ата-аналары осы балабақшаға қуанып баратынына сенімдімін. Тәрбиешілер тәуелсіз еліміздің абыройлы азаматтарын өнерлі, шебер балалар етіп тәрбиелейтініне сенімдімін, - деді Валерий Гриненко.

Жаңа балабақшада 11 топ құрылады, олардың ішінде 20 орындық - төртеу, 25 орындық - жеті топ ашылады. Барлығы - 255 орын.

Еуразиялық Топ кәсіпорындары орналасқан Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай және Павлодар облыстарында маңызды әлеуметтік-экономикалық жобалар бойынша меморандумдарға жыл сайын қол қойылады.

Соңғы бес жылдың ішінде (2010-2015 ж.ж.) Қазақстандағы ERG барлық кәсіпорындарды, қызметкерлерді әлеуметтік қолдау үшін және әлеуметтік бағытқа, сондай-ақ демеушілік пен қайырымдылыққа 118 млрд. теңгеден асатын қаражатты жұмсады.