Екібастұздағы 690 көппәтерлі үйдің 570-і жылыту маусымына дайын - әкім

АСТАНА. ҚазАқпарат – Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде Екібастұздағы 690 көппәтерлі үйдің 570-і жылыту маусымына дайын екенін мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз не пәтер иелері коопертиві арқылы, не мүлік иелері бірлестігі арқылы басқарылмайтын 184 көппәтерлі үйді айқындадық. Олардың жылыту маусымына дайындығына жауапты ірі кәсіпорындар пулы жасақталған. «ГРЭС-1», «ГРЭС-2», «Разрез «Богатыры», «Разрез «Восточный», «Павлодар Энерго» сияқты ірі кәсіпорындар бізге осы үйлерді алдағы жылыту маусымына дайындап жатыр.

Қалған үйлерді Екібастұз қаласының тұрғын үй инспекциясы жергілікті әкімдік пен облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының қолдауымен дайындап жатыр.

Кейінгі 10 дылда алғаш рет Екібастұздағы 690 үйдің 570-і алдағы жылыту маусымына дайын екені туралы акт алды», - деді ол.

Сондай-ақ, ол қаладағы жылу желісі мен магистральдердің жағдайына тоқталды.

«Бұл жерде жылу желілерін жаңарту қажет болған. Сондықтан төрт негізгі магистральді қайта жарақтап жатырмыз. Ол бағыттағы жұмыстар 60 пайыз орындалды. Шілденің аяғына дейін осы 4 магистральдің екеуін күрделі жөндеуден өткізіп боламыз деп ойлаймын. Қалған екеуін 20 тамызға дейін аяқтаймыз. Бұл бағытта жұмыстар кестеден озып жүріп жатыр. Әлі істейтін жұмыс көп. Алдағы қыста Екібастұзда жылу бола ма деген сұраққа, «Сөзсіз болады» деп жауап бергім келеді. Бізде одан басқа жол жоқ», - деді Асайын Байханов.