Екібастұздағы қазандықтарды әкімдік пен кәсіпорын бірге жөндейді

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Екібастұздағы қазандықтарды әкімдік пен кәсіпорын бірге жөндейді. Қазандықтардың күрделі жөндеуіне кететін шығынды бөліп төлейтін меморандум жасалған, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.

Бұл туралы Екібастұз қаласында өткен баспасөз жиынында «ОАЭК» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Орал мәлім етті.

«Жазда станцияда 8 қазандықта күрделі жөндеу жүргізіледі: үшеуі – энергетикалық, бесеуі – су жылытқыш. Мұнда қазандықтардан бөлек, қосымша құралдар да жөнделетін болады. Сондықтан жұмыс көлемі ауқымды болмақ. Біз станцияны негізгі күшімен жұмыс істейтін жағдайға жеткізбекпіз. Ол сома қазандықтарға тексеру жүргізілмей тұрып айтылған. Біз шыққан ақауларға қатысты есептеу жүріздік. Әрине, мұнда шығын көлемі артатын болады. Тексеру қорытындысы бойынша қазандыққа жұмсалатын қаржы туралы сметалық құжаттама сәуір айының соңында дайын болады. Сол кезде нақты соманы білетін боламыз», – деді Бағдат Орал.

Сондай-ақ Бағдат Орал күрделі жөндеуге берілетін қаржыны кім төлейтініні туралы сұраққа да жауап берді.

«Біз облыстық әкімдікпен меморандум жасастық. Күрделі жөндеу кезінде кәсіпорынның меншік иелері шығынның кемінде жартысын шығаруы тиіс. Қалғанын жергілікті атқарушы орган көмек ретінде бюджеттен береді. Бұл мемлекеттік-жекеменшік серіктестік болады», – деді Б.Орал.