Екібастұздағы сауда орталығының өрт қауіпсіздігі тексерілді

ЕКІБАСТҰЗ. ҚазАқпарат - Екібастұздағы сауда орталығында ондағы қызметкерлер мен қала тұрғындарының кенет тұтанған өртке дайындығы тексерілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ауқымды оқу-жаттығулар кезінде екібастұздықтарға өрт кезінде артық дүрлікпей, төтенше жағдайдан шығудың жолдары түсіндірілді.

Екібастұздың ірі сауда орталықтарының бірінде төртінші қабатта «жасанды өрт» ұйымдастырылды. Өрт дабылы соғылғаннан кейін ондағы барлық адам эвакуацияланды. Құтқару қызметтері жұмысқа кірісті. Өртті сөндіруге өрт сөндіру бөлімшелерінің дайын төрт бригадасы, сонымен қатар полиция және жедел жәрдем қызметкерлері келді.

«Сауда орталығында төрт баспалдақ бар, хабарландыру қызметі істеп тұр. Төртінші қабаттағы кинозалдарды тексердік. Шартты түрде тұтандырылған өрт кезінде дабыл іске қосылып, киносеанс тоқтатылды, адамдар залдан шыға бастады. Кинозалдар сыртынан жабылмайды. Келушілерге өрт дабылы қосылған кезде баспалдақпен жылдам ғимараттан шығу және лифтіге кірмеу қажеттігін айттық», - дейді Екібастұз төтенше жағдайлар басқармасының бас маманы Жомарт Майманов.

«Оқиға орнына» шұғыл жеткен өрт сөндірушілер жұмысқа кірісті: автобаспалдақпен төртінші қабатқа көтеріліп, шатырдағы жалынды сөндірді.

Құтқарушылардың айтуынша, сауда орталығының барша қызметкері қалалықтардың көшеге шығуына көмектесіп, жедел қызметтердің жұмысына кедергі жасамаған.