Екібастұздықтар «Нұрлы жер» аясында баспаналы болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Екібастұзда Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшылары «Нұрлы жер» бағдарламасының аясында пәтер кілтіне ие болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Банк баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес салымшыларға пәтер кілтін Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов пен банктің облыстық филиалының директоры Талғат Баилов тапсырды.

«Басында бір шаршы метрдің бағасы 115 мың теңге болатын. Бірақ біздің банкте салымы бар, орташа жалақысы 80 000 теңгені құрайтын Екібастұз тұрғындары үшін бұл сома ауырлау болатын еді. Осы себепті аталған мәселені шешу үшін облыс әкімдігімен байланыстық. Аймақ басшысы бұған түсіністікпен қарады, нәтижесінде клиенттеріміз бұрынғыдан да төмен бағамен баспана сатып алып, жаңа үйге кіруге дайындалып жатыр», - дейді Талғат Баилов.

Жаңа бес қабатты үй 80 пәтерден тұрады. Бұл - мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасының аясында салынған алғашқы нысан. Осыған дейін өндірістік қала Екібастұзда әлеуметтік тұрғын үй тұрғызылмаған болатын. Бүгін жаңа баспанаға қол жеткізген тұрғындар - құқыққорғау органдарының қызметкерлері, дәрігерлер, мұғалімдер, кәсіпорын жұмысшылары. Олар пәтерлерді 1 шаршы метрі 90 000 теңге болатын бағамен сатып алды. Орта есеппен бір бөлмелі пәтердің бағасы 4 млн теңгені құрайды.

Орта есеппен алғанда бір бөлмелі пәтер үшін ТҮҚЖБ несиесі бойынша ай сайынғы төлем 28 000 теңгені құрайды. Олжас Жүзжасаровтың да төлейтін сомасы дәл осындай. Құқыққорғау органының қызметкері 7 жыл бойы пәтер жалдап келіпті. Үш жыл бұрын ол Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен шот ашып, баспаналы боламын деп ақша жинай бастаған екен. Осы уақыт ішінде Олжас болашақ пәтер бағасының 40 пайызын депозитіне салып үлгеріпті.

«Несие бойынша төлейтін сомам осыған дейінгі ай сайын біреудің үй үшін беріп келген ақшамнан аз. Осы жылы үйлендім, ұлым Асан дүниеге келді. Бүгінгі отбасыммен бірге пәтер кілтін алып отырмын. Еңбегім далаға кеткен жоқ», - деп әсерімен бөлісті банк салымшысы Олжас Жүзжасаров.

Қазір 150 000 адам өмір сүретін Екібастұздың әр 15-тұрғыны Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен шот ашып, қаражат жинап жатыр. Келесі жылы мемлекеттік бағдарлама аясында бұл қалада тағы 3 үй тұрғызылатын болады.