Екібастұздың өнеркәсіп өндірісі көлемі сегіз айда 125,9 млрд. теңгені құрады
07:30, 23 Қыркүйек 2011
ВЛОДАР ОБЛЫСЫ. 23 қыркүйек. ҚазАқпарат /Вера Ливинцова/ - Екібастұзда өнеркәсіп өндірісі көлемі сегіз айда 125,9 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, 26,1 пайызға артты,
деп хабарлады қала басшысы Александр Вербняк қалалық мәслихаттың сессиясында жасаған есепті баяндамасында.
Екібастұз ГРЭС-і 12,3 млрд. Квт/сағат электр энергиясын өндірді, бұл өткен жылдың қаңтар-тамыз айларымен салыстырғанда 11,8 пайыз жоғары.
Көмір өндіретін кәсіпорындар 29,6 млн. тонна көмір жөнелтті, өсім - алты пайыз.
Жыл басынан бері кәсіпорындардың инвестициялық қызметінде де оң үрдістер бар, деп атап өтті қала басшысы. Сегіз айда негізгі капиталға салымдар өткен жылғы көрсеткіштен 1,9 есе асып түсті және 41 млрд. теңгені құрады, оның жартысынан көбі ҮИИДБ бойынша жобаларды инвестициялауға салынды.
2010-2014 жылдары аймақта барлығы 615 млрд. теңгенің 29 жобасы орындалатын болады, қазірдің өзінде оның тоғызы аяқталды.