Екінші азаматтығы бар тұлғалардың нотариус ретінде жұмыс жасауына тыйым салынбақ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ресейдің Әділет министрлігі әзірлеген нотариат туралы заңға енгізілген түзетулер жобасына сәйкес екінші азаматтығы бар ресейліктерге нотариус ретінде жұмыс істеуге тыйым салынады.

Қолданыстағы заң нотариустың тек ресейлік азаматтығының болуын міндеттейді. Бұл екінші азаматтық туралы заң күшіне енгеннен кейін шетелдік төлқұжаттары бар тұлғаларға қатысты енгізілген алғашқы шектеу.

Нотариус мәртебесін алғысы келетіндерге талапты қатаңдатқан Ресей Әділет министрлігінің түзетулері 5 қыркүйекте нормативтік-құқықтық актілер жобаларын жариялауға арналған порталға шықты. Құжат, атап айтқанда, нотариус мәртебесін алуға тілек білдірушілерге тыйымдар тізбесі мыналарды қамтиды - қабілетсіз, наркологта есепте тұрған, сотты болған және бұрын өкілеттігінен айырылған тұлғалардан басқа, өзге мемлекеттің азаматтығына ие тұлғалар нотариус ретінде қызмет ете алмайды. Соңғы тыйым тек шетелдіктерге ғана емес, өзге мемлекеттің азаматтығы бар ресейліктерге де қолданылады. Бұл түсінікті де, себебі, заң бойынша нотариус мемлекет атынан әрекет етеді ғой, деп жазады РБК.