Екінші деңгейлі банктер қарыздарын кешірген кезде жеке табыс салығынан босатылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Екінші деңгейлі банктер халықтың әлеуметтік әлсіз топтарының қарыздарын кешірген кезде жеке табыс салығынан босатылады.

Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу және кедендік әкімшілендіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстыру кезінде ҚР Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев мәлім етті.

Заң жобасында салық саясаты бойынша бірқатар түзетулер көзделген. Мүгедек болып табылатын немесе айқын себептерге байланысты қиын жағдайға тап болған халықтың әлеуметтік әлсіз топтары бойынша проблемалы берешектерді кешіретін микроқаржылық ұйымдарды жеке табыс салығынан босату көзделген.

Оның сөзіне қарағанда, бұл норма ҚР Ұлттық банкімен пысықталған.

«2015 жылғы 1 қаңтардан 2016 жылғы 1 шілдеге дейін екінші деңгейлі банктер ҚР Ұлттық банкінің 131 млрд. теңге сомасындағы ипотекалық тұрғын үй қарыздарын қайта қаржыландыру бағдарламасында кіретін берешекті кешіру кезінде жеке табыс салығынан босату қамтылған. Бұл норма ипотекалық қарыз алушылардың мәселелерін шешу және халықтың әлеуметтік әлсіз топтары санатына көмек көрсету, сондай-ақ банктің жүйені сауықтыру мақсатында ұсынылып отыр»,-деді Е. Досаев.