Екінші деңгейлі банктер қызметіне қатысты былтырғы жылы Қаржы нарығын қадағалау агенттігіне 2 мыңнан астам шағым түсті - Қ. Қожахметов

None
АСТАНА. 20 қаңтар. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Екінші деңгейлі банктер қызметіне қатысты былтырғы жылы Қаржы нарығын қадағалау агенттігіне 2 мыңнан астам шағым түсті.

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «Қазақстан Республикасындағы қолма-қол ақшасыз есеп айырысудың жағдайы мен даму болашағы» атты тақырыпта өткен дөңгелек үстел барысында Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі төрағасының орынбасары Қуат Қожахметов осылай мәлім етті.

Агенттік өкілі өз сөзін қаржы қызметтерін тұтынушылардың құқын қорғау тұрғысында атқарылған қызметтерден бастады. «Агенттік 2010 жылы екінші деңгейлі банктердің қызметі бойынша қолма-қол ақшасыз есеп айырысуға және ақша аударымдарына қатысты 50 шағымды қарады. Негізінен алғанда, былтыр агенттікке келіп түскен бұндай шағым-арыздардың саны 2 мың 300-ді құраған болатын. Яғни, қолма-қол ақшасыз есеп айырысумен байланысты шағымдардың үлесі 2,1 пайызды құрайды. Бұндай шағымдардың ішінде 23-і қолма-қол ақшасыз есеп айырысу барысындағы тарифтердің жоғарылығына қатысты болса, 27-ісі төлем карталарын пайдалану бойынша орын алған проблемаларды қамтып отыр. Яғни, шағымданушылар банкоматтардан ақшаның дұрыс берілмеуі, ақшаларды заңсыз ұстау, банктік шоттардағы ақшаның «жоғалуы», комиссиялық ұстап қалулардың жоғары болуы секілді проблемаларды алдыға тартқан», - деді Қ. Қожахметов.

Оның айтуынша, шағымдарды қарау барысында бірқатар проблемалар айқындалған.

«Біріншіден, әсіресе жалақы беру қызметтеріне қатысты бәсекелестіктің болуына қарамастан, тарифтердің жоғары деңгейі сақталып отыр. Бұларды банктегілер халықтың арасында карталарды төлем құралы ретінде пайдалану белсенділігінің төмендігімен түсіндіреді. Бұл ретте төлем карталары тек банкоматтардан қолма-қол ақшаны «шешіп алу» қызметін атқарып тұрғанын ғана аңғартады. Екіншіден, пластикалық карталарды ұстаушылар санкцияланбаған алып қоюлардан қорқады. Бұның өзі төлем карталарына деген сенімділікті жоғалтуда. Шоттағы ақшаның «жоғалуына» байланысты, оның ішінде бұндай оқиғалардың елімізден тыс жерлерде орын алғанына қатысты шағымдар да келіп түскен. Ал банктер әлгі мәселе бойынша қызметтік тексерістер жүргізгенімен, тұтынушының құқы әруақытта қорғала бермейді»,- дейді Агенттік өкілі.