«Екінші дүниежүзілік соғыстағы қазақ офицерлері» атты 10 томдық оқырманға жол тартты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанадағы Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханада Жеңістің 70 жылдығына байланысты тарихшы, журналист Жұмабай Доспановтың «Екінші дүниежүзілік соғыстағы қазақ офицерлері» атты 10 томдық туындысының таныстырылымы өтті.

«10 томдықтың туындыны жазып, басып шығаруға 4 жыл уақыт кетті. Екінші дүниежүзілік соғысқа тікелей қатысқан 8400-ден астам қазақ офицерлерінің өмірдеректерін жинау оңай болған жоқ. Менің жұмысымның 90 пайызы Мәскеудегі мұрағаттарда болды. Олар маған жіберген деректерде сұрыптауға көп уақыт кетті», - деді тарихшы.

Оның сөзіне қарағанда, өкінішке қарай, еліміздегі жергілікті әскери коммисариаттармен жұмыс істеу қиынға түсті.

«Қазіргі кезде 11-ші томды аяқтауға жақындадым. Оның аясында қазақ офицерлерінің саны 9 170-ке жетіп қалды. Ең бастысы, Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан қазақ офицерлерінің үлесі елеулі. Осының өзі қазақ халқы үшін үлкен абырой», - дейді автор.

Ж.Доспанов аталған 10 томдықтың ішіндегі тың деректерге тоқталып өтті. Мәселен, бұрындары 5-6 қазақ әскери ұшқышы болды деген мағлұмат болған еді. Енді бүгінде олардың саны 64 болғаны анықталып отыр. Осылардың арасында үшеуі екі жыл бойы Мәскеуді әуеде қорғап жүрді.

«Сонымен қатар батальон командирлері 20-ға жуық деп айтқан болатын. Менің деректерімде қазақтан шыққан 134 батальон командирлері туралы мәлімет бар. Енді кітапты оқыған адам тағы да тың деректерді көретін болады», - деп атап өтті тарихшы.

Айта кетейік, бұл 10 томдықтық жарыққа шығуына бинесмендер қаржылай көмектескен екен.

Сонымен қатар тарихи туындының авторы не себепті осы тақырыпты таңдағанына тоқталды.

«Бірнеше жыл бұрын Қазақстанның қорғаныс саласындағы бір полковнигі тілшінің сауалына жауап беру кезінде екінші дүниежүзілік соғысқа 500-дей қазақ офицері қатысқандығын айтты. Сол кезде журналист «бұл көрсеткіш тым аз емес пе?» деген сауал қойғаны есімде. Атап айтқанда, сол уақытта полковниктің қолында нақты дәлелдеген деректер болмағандықтан, ол осылай жауап беруге мәжбүр болды. Сондықтан бұл 10 томдықты менің тарапымнан Қазақстан халқы үшін Ұлы Жеңістің 70 жылдығында сыйлық деп бағалаймын», - деді Ж.Доспанов.