ЕҚЫҰ өкілі Қазақстандағы активтерді қайтару ісі туралы пікір білдірді
«Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы бағдарламаларының Астанадағы кеңсе басшысы Фолькер Фробарт елдегі активтерді қайтару процесі туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Kazinform.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ұйымдастырған форум барысында БАҚ өкілдерінің сауалына жауап берген Фолькер Фробарт Қазақстанда заңсыз иемденілген активтерді қайтару бағытында жүргізіліліп жатқан жұмыстарға ерекше тоқталды.
«Жаңа Қазақстанда көптеген өзгерістер болып жатыр. Заңнама тұрғысынан алсақ, реттеу тетіктері жетілдірілуде. Бұл жемқорлық көздерін жою үшін қажет. Жемқорлықтың жолын кесу үшін қолға алынған цифрландыру процестерін де атап өтуге болады. Бұл мәселелер төтенше маңызды. Өйткені жемқорлықпен күрестің ең жақсы тәсілі – оған өріс қалдырмау», - деді ЕҚЫҰ өкілі.
Халықаралық ұйым өкілі Қазақстандағы жемқорлықпен күрес туралы жаңалықтарды жіті бақылап отыратынын, сол мәліметтер негізінде активтерді қайтару ісінде қол жеткізген нәтижелерге көңілі толатынын айтады.
«Активтерді біріздендіру мен декларациялауға келсек, біздің кеңсе Қазақстанға айтарлықтай қолдау көрсетті. Сондай-ақ, елден заңсыз шығарылған активтерді қайтару жұмыстары таңғаларлық қарқынмен көлемде жүргізіліп жатыр және қомақты сомалар айтылуда. Бұл тұрғыдан Қазақстанды тек құттықтай алам. Бұл тамаша жетістік», - деді ол.