ЕҚҚДБ Қазақстандағы деректерді өңдеу орталықтарына инвестиция салуды жоспарлап отыр

АСТАНА. KAZINFORM — Еуропалық қайта құру және даму банкі (ЕҚҚДБ) Қазақстандағы деректерді өңдеу орталықтары желісін дамытуға инвестиция салу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Бұл туралы ЕҚҚДБ президенті Одиль Рено-Бассо Астанада Шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысында мәлімдеді.

Фото: freepik

О. Рено-Бассоның айтуынша, Қазақстанмен ынтымақтастықтың ең перспективалы бағыттарының бірі — цифрлық инфрақұрылымды дамыту және деректердің цифрлық егемендігін қамтамасыз ету.

— Қазақстан бұл бағытты өзінің цифрлық стратегиясының негізгі басымдықтарының біріне айналдырды. ЕҚҚДБ осы мақсатты қолдау үшін қаржыландыруды, техникалық көмекті және мемлекеттік саясат мәселелері бойынша диалогты ұштастырып келеді. Банк заманауи деректерді өңдеу орталықтары мен трансшекаралық цифрлық инфрақұрылымды дамытуға инвестиция салады. Сонымен қатар жеке капиталды тартуға мүмкіндік беретін құқықтық және инвестициялық тетіктерді әзірлеуде үкіметтерге қолдау көрсетеді, — деді банк басшысы.

Қазіргі уақытта ЕҚҚДБ Қазақстан мен Орталық Азияда деректерді өңдеу орталықтарын дамытуға кедергі келтіретін факторлар мен жаңа мүмкіндіктерді анықтау мақсатында зерттеу жүргізіп жатыр.

— Зерттеу нәтижелері банктің осы саладағы алдағы инвестициялық және стратегиялық шешімдерінің негізіне айналады, — деп түйіндеді Одиль Рено-Бассо.

Айта кетейік, ЕҚДБ Қазақстан экономикасына 1,3 млрд еуродан астам инвестиция салуы мүмкін.

Бұған дейін Одиль Рено-Бассо Қазақстанның цифрлық даму тәжірибесі ЕҚҚДБ стратегиясымен үндесетінін айтқан еді.