Екінші деңгейлі банктердің қайтармаған қанша қарызы бар – ҰБ жауабы
АСТАНА. KAZINFORM – 2017-2020 жылдары екінші деңгейлі банктерге 700 млрд теңге көлемінде қолдау көрсетілген болатын. Kazinform агенттігі Ұлттық банкке ресми сауал жолдап, бүгінгі таңда бұл қаржының қаншасы қайтарылғанын анықтады.
— Ұлттық Банк 2017 және 2020 жылдары «ҚР банк секторының қаржылық тұрақтылығын арттыру» бағдарламасы аясында екінші деңгейлі бірқатар банкке шамамен 700 млрд теңге көлемінде субординацияланған облигациялық қарыз бөлді. Қаржылай қолдау «Еуразиялық Банк» АҚ, «Jusan Bank» АҚ (бұрынғы «Цесна Банк» АҚ, «АТФ Банк» АҚ), «Банк ЦентрКредит» АҚ, «Bank RBK» АҚ және «Нұрбанк» АҚ-ға көрсетілді, - делінген жауапта.
Мәліметке сай, бұл бағдарлама аясында Ұлттық қордың қаражаты жұмсалмаған. Бағдарлама операторы — «Қазақстанның орнықтылық қоры» АҚ банктердің 15 жылдық реттелген облигацияларын сатып алған. Қазіргі таңда банктердің міндеттемелерін орындау мерзімі басталмаған.
— Мемлекет банктерді мемлекеттік қаражатты мерзімінен бұрын қайтаруды жүзеге асыруға ынталандыру жөнінде шаралар қабылдады. Нәтижесінде Ұлттық Банктің 49,6 млрд теңге сомасындағы қаражаты қайтарылды. Атап айтқанда «Банк ЦентрКредит» АҚ 20 млрд теңге және «Банк RBK» АҚ 29,6 млрд теңге қарызды мерзімінен бұрын өтеді. Қазіргі таңда Ұлттық Банк алдында екінші деңгейлі банктердің осы бағдарлама аясында қалған қарызы – 650,9 млрд теңге, - делінген хабарламада.
Сондай-ақ Ұлттық банк мемлекет көмегін қайтарту үшін нақты қандай шаралар қарастырылғанын мәлім етті.
— Атап айтқанда, бұған дейінгі заңға өзгерістер енгізіліп, мемлекеттен қолдау алған банктерге дивиденд төлеуге шектеу қойылды. Бұл шешім жұмсалған мемлекет қаражаты нәтижесін беруі үшін, банктердің қаржылық тұрақтылығына жағдай жасап, жай-күйін жақсартуы үшін қабылданды. Акционерлеріне дивиденд төлейтін банктерді мемлекеттен алған көмектің бір бөлігін мерзімінен бұрын қайтартуға міндеттейтін нормативтік акт қабылданды. Қазір Ұлттық Банк Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп, банктерді мемлекет қаржысын мерзімінен бұрын қайтартуға ынталандыруға бағытталған жаңа реттеу тетіктерін әзірлеп жатыр. Қарастырылып отырған шаралардың қатарында банктерге (соның ішінде мемлекеттік қолдау алған банктерге) минималды резерв талаптарын қатаңдату да бар, - делінген жауапта.
Еске сала кетсек, биыл жыл басында Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кейбір банктер өз шығындарын әлдеқашан өтесе де, мемлекеттің иелігіндегі қаржыны қайтаруға асықпай отырғанын, тіпті оны жоғары пайызбен тәуекелі аз мемлекеттік қаржы құралдарына салып, кепілді табыс тауып отырғанын сынға алды. Үкімет пен Ұлттық банкке осы байланысты шара қабылдауды тапсырды.