Екінші дүниежүзілік соғыс: 1941 жылға дейін және 1945 жылдан кейін

Фото: Фото: Астана әкімдігінің сайтынан алынды

АСТАНА. KAZINFORM – ХХ ғасырда болған адамзат тарихындағы ең зұлмат соғыстың аяқталғанына 79 жыл толып отыр. Осынау сұрапыл қантөгістің тұтануын Германияның 1941 жылдың 22 маусымында КСРО-ға шабуылымен бастап, аяқталуын 1945 жылдың 9 мамырында өткен Жеңіс шеруімен түйіндеп жүрміз. Алайда, Екінші дүнижүзілік соғыстың басталу тарихы тереңде жатыр.

Соғыс алғышарты

1914-1918 жылдардағы Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін бодауындағы біраз жерден айырылып қалған Германияда Ұлттық социалистік неміс жұмысшылар партиясы күш ала түсті. Партия аздаған уақыттың ішінде қауқарлы саяси күшке айналып, билік басына 1933 жылы Адольф Гитлердің келуіне ықпал етті.

Фото: Holocaust Encyclopedia

1933 жылы желтоқсанда Франция мен КСРО үкіметтері Еуропада Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт жасасу туралы бірлескен ұсыныс жасады. Германия, Ұлыбритания, Финляндия, Чехословакия, Польша, Эстония, Латвия және Литваға келісімге қосылу туралы ұсыныс берілді. Шарт жобасы «Шығыс пактісі» деп аталды. Бұл пакті Германия мен Польшаның оған қатысудан бас тартуына байланысты орындалмаған еді. 1934 жылы наурызда Польша Германиямен шабуыл жасаспау туралы келісімге келді. Ол Гитлер үкіметінің алғашқы сыртқы саяси жетістіктерінің бірі саналады. Ал 1935 жылы наурызда Германия 1919 жылғы Версаль бейбітшілік келісімінің әскери баптарын сақтауды түбегейлі тоқтатты. Елде жалпыға бірдей әскери қызмет енгізіліп, армияны жаппай қаруландыру басталды.

1939 жылдың 23 тамызында Мәскеуде КСРО мен Германия бір-біріне шабуыл жасамау туралы келісімге қол қойды. Құжатты екі елдің сыртқы істер министрлері Вячеслав Молотов пен Иоахим фон Риббентроп рәсімдеді. Сондықтан да бұл құжат тарихта «Молотов-Риббентроп пактісі» деген атаумен белгілі. Шартқа сәйкес, келісім тараптары бір-біріне шабуыл жасаудан бас тартуға және егер олардың біреуі үшінші тараптың соғыс қимылдарының объектісіне айналса, бейтараптықты сақтауға міндеттенді. Келісімге қатысушылар «тікелей немесе жанама түрде екінші тарапқа бағытталған» басқа державалармен одақтық қатынастардан» бас тартты.

Шарт төмендегідей 7 қысқа баптан тұрды:
- 1-бап - тараптар бір-біріне қатысты шабуылдан бас тартады;
- 2-бап - тараптар үшінші елдің өзге тарапқа шабуылын қолдамайды;
- 4-бап - тараптар өзге тарапқа бағытталған әскери одаққа қосылмайды;
- 5-бап - жанжалдарды бейбіт жолмен шешуді ұсынады;
- 6-бап - шарттың әрекет ету мерзімі көрсетілген;
- 3 және 7-баптар – тек техникалық сипаттағы мәселелер.

Айта кетерлігі, келісімнің қосымша құпия хаттамасы болды. Онда тараптардың Шығыс Еуропаға қатысты мүдделері көзделген, яғни хаттамада Латвия, Эстония, Финляндия, Поляк мемлекетінің құрамына кіретін шығыс аймақтар мен Бессарабия КСРО, ал Литва мен Польшаның батыс бөлігі Германияның мүдде саласына кіргізілді. 1939 жылы 1 қыркүйекте Германия Польшаға басып кіре бастады. Сол жылдың 17 қыркүйегінде Кеңес әскерлері де Польша аумағына кірді. КСРО мен Германия арасындағы Польшаны аумақтық бөлу 1939 жылғы 28 қыркүйектегі достық және шекара туралы шартқа және сол жылдың 4 қазанындағы оған қосымша хаттамаға қол қоюмен аяқталды. 1940 жылы КСРО Балтық жағалауы, Бессарабия және Солтүстік Буковина елдерін, сондай-ақ фин территориясының бір бөлігін қосып алды. 1941 жылдың 22 маусымында Германия тұтқиылдан Кеңес одағына шабуыл жасады. Соғыс негізінен екі блок арасында, атап айтқанда Германия, Италия, Жапония бастаған агрессор мемлекеттер мен КСРО, АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Қытай бастаған қарсы тарап арасында алты жылға жалғасты. Бұл соғысқа әлемдегі бес құрылықтың да мемлекеттері қатар қатысты. Соғыстың кесірінен қаза тапқан адамдар саны 55 миллионға жуық болса, оның әлемдік деңгейдегі экономикалық шығыны 4 триллион АҚШ долларын құрады. Шамамен 10 мыңға жуық елді мекен қиратылып, бүлінді.

Екінші дүниежүзілік соғыс негізінен бес майданда өтті. Біріншісі – Шығыс Еуропада, яғни КСРО мен Германия арасында, екіншісі – Батыс Еуропада Англия, Франция сияқты елдер мен Германия арасында, үшіншісі – Жерорта теңізі аумағында Италия, Грекия, Албания, Солтүстік Африка сынды елдер арасында, төртіншісі – Африка жерінде Эфиопия, Сомали, Кения, Судан тағы басқа елдер арасында, бесіншісі – Тынық мұхиты бассейнінде немесе Оңтүстік Шығыс Азия аумағында Жапония, Америка, Қытай, Кеңес одағы және өзге елдердің қатысуымен болды.

Қазақстанның жеңіске үлесі

Майдан даласына елімізден аттанған 1 млн 400 мыңға жуық адамның жартысынан астамы қайтып оралмады. Олар барлық шайқасқа белсенді қатысты. Екінші дүниежүзілік соғыста көрсеткен ерлігі үшін Қазақстанның жүздеген мың жауынгері КСРО-ның әскери ордендерімен және медальдарымен марапатталды. 500-ден астам адам Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Олардың ішінде қазақ қыздары - пулеметші Мәншүк Мәметова мен мерген Әлия Молдағұлова бар. Төрт қазақстандық әскери ұшқыш - Талғат Бигелдинов, Леонид Беда, Иван Павлов, Сергей Луганский екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атағының иегерлері болды.

1941 жылдың қыркүйек айының соңында басталған Мәскеу шайқасында Қазақстанда құрылған генерал И.В. Панфиловтың 316-шы атқыштар дивизиясы ерекше орын алғаны белгілі. 16 қарашада Панфиловтың дивизиясы Екінші дүниежүзілік соғыстың аңызына айналған шайқасқа қатысты. Бұл шайқаста 28 панфиловшылар Дубосеково торабының қарсаңында неміс танк батальонының жолына тұрып, 20-дан астам танкіні жойып, тоқтатты. 1945 жылы 30 сәуірде Рейхстагқа Жеңіс туын қазақстандық лейтенант Рақымжан Қошқарбаев және ресейлік жауынгер Григорий Булатов бірінші болып көтерді.

Фото: Панфиловшылар саябағы

Қазақстан майданның қуатты арсеналына да айналды. Республиканың экономикасы әскери қажеттіліктерге бағытталды. Қазақстан әскери өнеркәсіпте қажетті мыс, қорғасын, висмут, молибден, полиметалл өндірудің жетекші орындарына айналды. Қазақстанның қорғаныс зауыттары қарудың жаңа түрлерінің, снарядтардың, миналардың және басқа да әскери мақсаттағы құралдардың өңдірістерін игерді. Қазақстанның ауыл шаруашылығы майданды азық-түлікпен, өнеркәсіпті – қажетті шикізатпен қамтамасыз етті. Соғыс кезіндегі 10 оқтың 9-ы қазақстандық қорғасыннан жасалды. Майданға 1500 вагон киім мен азық-түлік жіберілді.

Соғыстың соңғы сатысы

1945 жылдың 17 маусымы мен 2 тамызы аралығында Потсдам конференциясы өтіп, онда Германияны қараусыздандыру туралы шешім қабылданды. Мұнан бөлек, Германияның одақтасы болған Жапониядан тізе бүгу талап етілді. Алайда, Жапония үкіметі бұл талапқа мойынсұнған жоқ. Осылайша, Екінші дүниежүзілік соғыстың шешуші кезеңі басталды.

1945 жылдың 6 тамызында АҚШ әуе күштерінің В-29 бомбалаушы ұшағы Жапонияның Хиросима қаласына қуаты 13-18 килотон тротил «Little Boy» деп аталатын атом бомбасын, үш күннен кейін Нагасаки қаласына қуаты 19-21 килотон тротилге тең «Fat Man» атом бомбасын тастады. Екі бомба жарылысынан бір сәтте 80 мың адам мерт болды. Ал сол жылдың соңына қарай атом бомбасы салдарынан қаза тапқандардың саны Хиросимада 90-166 мың адамға, Нагасакиде 60-80 мың адамға жетті. 

Фото: БҰҰ/Йосуке Ямахата

Нагасакиге бомба тасталған күні Кеңес армиясы Моңғолия Қарулы күштерімен бірге Жапонияға қарсы соғысқа араласты. Кеңес армиясы Солтүстік-Шығыс Қытайды, Солтүстік Кореяны, Сахалин және Курил аралдарын азат етті.

Жалпы, атом бомбасының қуаты Жапон үкіметінің соғысты одан ары жалғастырудан бас тартуына түрткі болғаны анық. 1945 жылдың 14 тамызында жапон императоры Хирохито Жапонияның сөзсіз тізе бүгетіндігіне мойынсұнды. Бір күннен кейін Жапония тізе бүккендігін жария етті. Ал Екінші дүниежүзілік соғыстың нақты аяқталғаны туралы, яғни Жапонияның тізе бүккені жайлы актіге 1945 жылдың 2 қыркүйегінде қол қойылды.