Екінші кезең: Алматыда Mass Alert жер сілкінісін ескерту жүйесі сынақтан өткізіледі

Фото: Фото: pixabay.com

АЛМАТЫ. KAZINFORM - Алматыда 17 қазанда Mass Alert жедел құлақтандыру жүйесі сынақтан өткізіледі. Енді бұл құлақтандыру iOS операциялық жүйесін пайдаланушыларға да қолжетімді болады.

Мобильді құрылғы пайдаланушыларына «Ұлттық құлақтандыру» белгісімен сынақ туралы хабарлама жіберіледі, ал кейбір Android операциялық жүйесі бар құрылғыларға «Президенттік құлақтандыру» белгісімен ескерту түседі. Себебі халықаралық сипаттамаға сәйкес, телефон өндірушілерінің барлығы тесттік немесе жедел құлақтандыруды мемлекеттік органдар іске қосқанда, операциялық жүйелерінде осындай атаулар қолданады.

Алматылықтар мен қала қонақтарына алаңдаудың қажеті жоқ, себебі бұл жай ғана сынақтан өткізу.

Айта кету керек, iPhone құрылғыларының иелері iOS 18 бағдарламалық жасақтамасы болса ғана ескерту алады.

Осыған байланысты алматылықтар мен қала қонақтарына құрылғыларын iOS 18 жүйесіне жаңарту қажет. Егер құрылғы автоматты түрде жаңартылмаса, оны «Баптаулар – Негізгі – Бағдарламалық жасақтаманы жаңарту» деп өзі жаңарту керек.

Естеріңізге сала кетейік, биыл 31 мамырда бірінші кезеңде Android операциялық жүйесі бар құрылғыларға сынақтан өткізу жүйесі жүргізілді.

Кейін жер сілкінісін ескертетін жүйе сынақтан өтіп, алматылықтар президенттік хабарлама алды.

Екінші кезеңде - iOS құрылғыларының пайдаланушылары электрондық құлақтандыру жүйесіне қосылады.

Mass Alert жүйесінің SMS-ке қарағанда бірқатар артықшылығы бар. Хабарлама мобильді оператор желісіне қосылған, сондай-ақ жеке таңдалған географиялық аймақтағы барлық абонентке келеді. Сонымен қатар, жүйе желілердің шамадан тыс жүктелу жағдайында жұмыс істейді. Cell Broadcast технологиясының басты артықшылығы, қамту аймағындағы барлық абонентті бірден әрі жаппай ескертеді.

Бұған дейін Вице-премьер Қанат Бозымбаев төтенше жағдай туындаған сәтте азаматтарды уақтылы хабардар ету мақсатында Mass Alert жүйесі 1 маусымға дейін пилоттық режимде енгізілетінін айтқан болатын.