ЭКОЛОГИЯ: Иран Урмия көлін құтқару үшін 225 млн. доллар бөлді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Иран әкімшілігі су қоры азайып бара жатқан Урмия көлін қалпына келтіру жоспарын іске асыруға 225 миллион доллар көлемінде қаражат бөлді. Бұл туралы дүйсенбіде ирандық «Mehr» ақпараттық агенттігінен хабарлады.

Елдің Ауыл шаруашылық министрлігіне көлдің маңындағы шаруашылыққа пайдаланылатын жерлерде заманауи суландыру жүйесін құру тапсырылды. Жоспарға сәйкес, ведомство көлдің қасындағы су іркуіш ұңғымаларға есептеуіш құралдарды орнату арқылы суды пайдалануды реттеуі тиіс. Урмия көлі Иранның солтүстік-батыс бөлігінде орналасқан. Ол 70 пайыздан астамға құрғады. Көлдегі су қоры1995 жылдан бері азайып барады. Бұған дейін Иран президенті Хасан Рухани көлді «құтқару» мәселесін шешу үшін жұмыс тобын құрған болатын. Урмия көлінің аумағы алты мың шаршы метрге жуық. Құрғақшылық салдарынан Урмияның суы таязданып, аймақтың флорасы мен фаунасына кері әсер етіп отыр. Урмия көлін қалпына келтіру үшін жыл сайын 3,1 миллиард текше метр су қажет. Көлдегі судың әрбір литрінде 330 грамм тұз бар. Бұған дейін бұл көрсеткіш бір литрге шаққанда 160-170 грамды құрайтын.