Экология министрі киік етінің сапасы туралы: Ешқандай күмән болмау керек

Фото: Экология министрлігі

АСТАНА. KAZINFORM — Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Үкімет үйіндегі баспасөз мәслихатында киік етінен түрлі аурулар тарайтыны туралы пікірлерге жауап берді.

— Киік ұшасын сертификаты бар комбинаттарға ғана өткіземіз. Ол жерде санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органдарының мамандары бүкіл процедураны қадағалайды. Тіршілік ортасынан бастап атуға дейінгі эпизотикалық жағдайы зерделенеді. Бұдан кейін еті мен қанына түрлі аурулар бойынша талдау жасалады. Осыдан кейін ғана ет сатуға шығарылады. Бұл жерде ет сапасына байланысты ешқандай күмән болмау керек, — деді министр. 

Оның сөзінше, сатуға шығарылған еттің бәрі санитарлық және ветеринарлық тексеруден өтеді. 

— Егер киік еті жол бойында, тыста сатылған болса түсінер едім. Қазір еттің сатуға арналмаған жерде саудаланғанын елестете де алмаймын. Тиісті қызметтер оны қатаң қадағалайды. Ондайға жол жоқ, мен жауапкершілікпен мәліме алам, — деді Ерлан Нысанбаев.

Еске салсақ, Ауыл шаруашылығы министрлігі де киік етінен аурулар тарайтыны туралы мәлімдемелерге ресми түсініктеме берген болатын.