Экология министрі: «Семей орманы» резерваты өрт маусымына дайын болмай шықты
АСТАНА. KAZINFORM — Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Үкімет отырысында өрт маусымына дайындықсыз келген өңірлерді атады.
— Жалпы, 7 сәуірдегі жағдай бойынша Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарының орман шаруашылықтары және «Семей орманы» резерваты өрт маусымына дайын болмады, — деді Ерлан Нысанбаев.
Кемшілікке жол берген әкімдіктерге 15 сәуірге дейін анықталған кемшіліктерді жойып, техника мен жеке құрамды толық жауынгерлік әзірлікке келтіру туралы талап қойылып отыр.
— Өрттің ағымдағы жағдайына келсек жыл басынан бері еліміздің мемлекеттік орман қоры аумағында жалпы ауданы 4 831 гектар аумақты қамтыған 32 орман өрті тіркелді, — деді министр.
Айта кетейік, Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданында өрт сөндірушілер қамыс пен шөпті шарпыған тілсіз жаумен әлі күресіп жатыр.
Соннымен қатар орман шаруашылықтарын техникамен жабдықтау бюджеті 5,6 млрд теңгеге қысқарған.
Ормандағы өрт қауіпсіздігін әуеден күзетуге бөлінген қаражат жетпей жатқанын айтып, Экология министрі Премьер-министрден көмек сұраған еді.