«Өткен аптада болған дөңгелек үстел отырысында тақтатас мұнайын тиісті қор құрамына енгізу мәселесі қаралған еді. Әзірге мемлекеттік баланста бұл қор ескерілмей отыр. Қазіргі кезде жер қойнауы туралы заңнамада, заңға тәуелді актілерде осындай қорды есепке алудың әдістемесі қарастырылмаған. Сондықтан бұл мәселе пысықталып жатыр», - деді С. Брекешев Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер сауалына жауап бере отырып.
Оның айтуынша, аталған мәселеде Қазақстанның минералды-шикізаттық базасын арттыруға ықпал ететіндей мүмкіндіктер болса, министрлік бұл саладағы ұсыныстарды қарастыруға әзір.
Осы орайда тілшілер тақтатас мұнайын өндіру қоршаған ортаны ластауға қаншалықты қауіп төндіретінін сұрады.
«Бұл өз кезегінде мұнайды өндіру технологиясына қатысты. Қазіргі кезде технологиялар дамып жатыр. Барлық экологиялық әрі техникалық талаптарды сақтаса, қоршаған ортаға кері әсер ететін жағдайлар болмайды деп ойлаймын. Алайда әр жоба бойынша жекелей пысықтау керек екені түсінікті», - деді министр.