Астана тұрғындары Шәкәрім Құдайбердіұлы көшесі маңындағы Ақбұлақ өзенінде майлы дақтарға ұқсас іздер пайда болғанын айтып, алаңдаушылық білдірді. Қала тұрғындарының сөзінше, су бетінде бензин немесе өзге де техникалық сұйықтық төгілгендей көрініс байқалған. Олар бұл жағдайды растайтын фото және видеоларды редакцияға жолдады.
Осыған байланысты Kazinform редакциясы ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігіне тексеру нәтижелері мен жүргізілген зерттеулер туралы ақпарат беру жөнінде ресми сауал жолдады.
Ведомство мәліметінше, 28 шілдеде әлеуметтік желідегі Facebook жазбасынан кейін Астана бойынша экология департаментінің мамандары Ақбұлақ өзеніне барып, тексеру жүргізген.
— Тексеру барысында су нысанына визуалды бақылау жасалды. Зерттеу нәтижесінде су бетінің мұнай өнімдерімен ластану белгілері, оның ішінде бензинге тән қабықша, кемпірқосақ түстес дақтар немесе мұнай өнімдерінің бар екенін көрсететін өзге де белгілер анықталған жоқ, — деп хабарлады Экология министрлігі.
Сонымен қатар экология департаментінің зертханалық-аналитикалық бақылау бөлімі су үлгілерін алып, зертханалық талдау жүргізген.
— 2026 жылғы 28 шілдедегі № 35 сынақ хаттамасына сәйкес, алынған су үлгілерінен мұнай өнімдері мөлшерінің белгіленген нормативтерден асып кеткені анықталмады. Ақбұлақ өзеніндегі жағдай бақылауда, — делінген министрлік жауабында.
Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желіде Ертіс өзенінен бөлініп ағатын жылы ағыс сағасының мұнай өнімдерімен ластанып, су бетінде май қабаты түзілгені туралы видео тараған еді.