Егілген ағаштан жиналған қағаз көп: Экология министрлігі жоспардан неге жаңылды

Коллаж: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Екі миллиард ағаш егу бастамасы алғашқы жылдары-ақ жоспардағы межеге жете алмай, артта қала бастады. Қарқынды қалпына келтіріп, қуып жету неге мүмкін болмай қалғанын Kazinform аналитикалық шолушысы анықтап көрді.

Қағаз жүзінде бәрі жақсы болатын 

Адам әрекеті әсерінен жер шарында жылдан жылға ауа температурасы көтеріліп келеді. Әсіресе, біздің Орталық Азия аймағында температура орташа әлемдегі көрсеткіштен екі есе жылдам жылынып жатыр. Мұздықтар еріп, шөлді алқаптар көбейіп келеді, су тапшылығы қатты білініп, табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар жиілеп кетті.

2023 жылы Дубайда өткен Климат жөніндегі дүниежүзілік саммитте сөз сөйлеген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаһандық жылынуға қатысты болжамдарды ортаға салды.

— 2050 жылға қарай жаһандық температураның 1,5 градусқа дейін көтерілуін шектей алғанымызбен, Орталық Азия елдері бәрібір температураның 2,5 градусқа дейін жоғарылау мәселесімен бетпе-бет келеді. Бұл су тапшылығына, қатты ыстыққа, шөлге және экстремальды гидрологиялық құбылыстарға әкеп соқтырады, — деді Мемлекет басшысы.

Фото: france24.com

Қазақстан бұл ретте экологиялық жағдайды жақсарту бойынша кешенді жұмыс жүргізіп келеді. Оның маңызды бөлігі ретінде Президенттің бес жыл ішінде орман қорында 2 миллиардтан астам, ал елді мекендерде 15 миллион ағаш отырғызу туралы тапсырмасын атап өтуге болады. Тапсырма 2020 жылғы Жолдауда айтылған еді.

Не істелді? Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, 2021-2024 жылдары республика бойынша 1 миллиард 150 миллион көшет отырғызылған. Жұмыс жүріп жатыр, бірақ жоспардан қалып қойдық. Өйткені бастапқыда 2025 жылдың соңына дейін 2 млрд ағаш егу көзделген болатын. Бірақ бірқатар себептерге байланысты бұл мерзім 2027 жылға дейін шегерілді.

Цифрлар не дейді? 2022 жылғы қыркүйекте Экология және табиғи ресурстар министрлігі 2021 жылы 66 мың га аумаққа 138 млн ағаш егілгенін хабарлаған еді.

2022 жылы 166 мың га жерге 283 млн ағаш отырғызылды.

2023 жылы 340 млн дана көшет егілді.

Келтірілген сандардан ағаш егу қарқынын байқауға болады. Үш жылда 761 млн ағаш отырғызылды. Ал бес жылда екі миллиардқа жету үшін жылына 400 млн ағаш отырғызу керек еді. Бұл жағдайда үшінші жылы ағаш саны 1,2 млрд-қа жетуі керек еді, бұл межеге біз тек 2025 жылдың ортасына қарай ғана жақындадық.

Едәуір кешігу, әрине, назардан тыс қалмады. 2024 жылғы наурызда министрліктің кеңейтілген алқа отырысында бір жыл бұрын ағаш егу бойынша жылдық жоспардың 73%-ы ғана орындалғаны атап өтілді. Ақмола (83%), Ақтөбе (66%), Павлодар (5%), Қарағанды (12%), Қостанай (45%), Қызылорда (82%) және Солтүстік Қазақстан (77%) облыстарында, сондай-ақ «Семей орманы» (47%), «Бурабай» МҰТП (42%) және «Жасыл аймақ» РМК (76%) кәсіпорындарында тиісті жұмыс жүргізілмеген.

Негізгі проблемалардың бірі — қаржы тапшылығы, соның салдарынан орман тұқымдары мен егу материалдары жетіспеген.

Оның үстіне, алқа мәжілісінде жоспардағы көрсеткішті қуып жету екіталай екені айтылды. 2024 және 2025 жылдары ағаш егу үшін питомниктер ең көп дегенде 242 млн дана көшет қана бере алады деп болжанған.

Жоспар қалай өзгерді?

Енді мәселенің мән-жайына тоқталайық. Бастапқыда облыс әкімдіктері ормандарды молықтыру және қалпына келтіру жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған жоспарларын бекітіп, Экология және табиғи ресурстар министрлігімен келісті.

tabigat.gov.kz сайтында «2 млрд ағаш отырғызудың интерактивті картасы» бөлімінде бұл мәселенің егжей-тегжейімен танысуға болады. Ресурс қоғамдық мониторинг жүргізу үшін құрылды және ОКҚ брифингтерінің бірінде атап өтілгендей, «орман шаруашылығы іс-шаралары жүргізілген сайын жаңартылып отырады».

Мысалы, Ақмола облысын алайық. 2025 жылға дейінгі кешенді (бастапқы) жоспарда келесідей ағаш саны егіледі деп күтілген болатын:

2021 ж. — 6,8 млн дана

2022 ж. — 9,3 млн дана

2023 ж. — 22,3 млн дана

2024 ж. — 60,2 млн дана

2025 ж. — 74,9 млн дана.

Фото: Kazinform

Қаржыландыруға келсек, орман егуге, жобалау-іздестіру жұмыстарын жүргізуге, орман тұқымдарын жинауға, өңдеуге және сақтауға, отырғызу материалын өсіруге, жаңа питомниктер құруға және т.б. Ақмола облысы бойынша келесі сомалар (жергілікті бюджет) қарастырылған:

2021 ж. — 581 млн теңге

2022 ж. — 6,5 млрд теңге

2023 ж. — 2,2 млрд теңге

2024 ж. — 4 млрд теңге

2025 ж. — 3,9 млрд теңге

Бұл, естеріңізге сала кетейік, 2021 жылға белгіленген бастапқы жоспар болатын. Сосын олар өзгерді. Сайттың аталған бөлімінде ескі жоспарлар (2025 жылға дейінгі) PDF құжат түрінде сақталса, жаңа жоспарлар (2027 жылға дейінгі) кесте түрінде берілген. Оларды салыстыру, сондай-ақ басқа да деректерді зерттеу жағдайдың қалай өзгергенін көруге мүмкіндік береді.

Атап айтқанда, Ақмола облысы бойынша 2025 жылы бұрын жоспарланғандай 74,9 млн емес, 17,9 млн ағаш егу көзделген.

Дегенмен, кестеге сенсек, тіпті жаңа «жеңілдетілген» жоспар да орындалмай отыр. Ақмола облысында іс жүзінде 11,6 млн ағаш егілді, бұл талап етілгеннен 6,3 млн-ға аз. Әрине, жыл әлі аяқталған жоқ және сандар өзгеріп жатыр. Алайда шілдеге келіп жеттік, кестеге қарағанда, кейбір өңірлер ағымдағы жоспардың ¼ бөлігін де орындамаған (08.07.2025 күнгі деректер).

Фото: orman.gharysh.kz

Мысалы, ШҚО-да 944 мың ағаш отырғызылды, ал жыл соңына дейін 14,8 млн ағаш егу керек. Түркістан облысында 38,2 мың егілген, ал қажет меже — 27,1 млн. Басқа өңірлер бойынша мәліметтерді сілтемедегі кестеден көруге болады. Ондағы сандар апта сайын өзгеріп отырады, сондықтан жыл соңына дейін артта қалу көрсеткіші азаяды деген үміт бар. Бірақ биылғы жоспар орындалмай қалады деген қауіп те жоқ емес.

Ағаш егілді дегенімізбен, ол өсіп шығады деген сөз емес

Тағы бір назар аударғымыз келетін жайт — отырғызылатын материалдың тіршілікке бейімділігі. Өйткені егу мен өсіп шығу — екі бөлек нәрсе.

2021 жылы Kazinform басқа БАҚ-тармен қатар «Бурабай» ұлттық паркіне шақырылды, онда журналистерге орман қоры аумағында ағаш егу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтылды. Сол кезде «әдетте Ақмола облысы бойынша өсіп кету көрсеткіші 75%» деген ақпарат айтылды.

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Бұл жалпы статистикада ескеріле ме, әлде отырғызылған ағаштардың жалпы саны ғана алына ма? Түгендеуден кейін жоспар түзетіле ме? Есеп берілген миллиондаған көшеттердің қаншасын жалпы статистикадан сызып тастау керек? Себебі ол есепте сіңіп үлгермегендері бар ғой…

Премьер-Министр былтыр қазан айында осы мәселені қатаң сынға алды. Үкімет отырысында Олжас Бектенов әкімдіктердің жерсінген өсімдіктердің нақты пайызы туралы жақ ашпай отырғанын атап өтті.

Басқаша айтқанда, есептерде көрсетілген шынайы орман емес, егер жаппай тексеру жүргізілсе, сандар әлдеқайда аз шығуы мүмкін. Яғни, жоспар орындалмай, түзетілетінінен бөлек, ұсынылған деректер де сұрақ тудырады.

Отандық бұқаралық ақпарат құралдары сол отырыстан кейін, мысалы, Ақмола мен Жетісу облыстарындағы өлшеу нәтижесі бойынша үш жыл ішінде егілген көшеттердің өсіп кету көрсеткіші 60%-дан аспағанын хабарлады.

Олжас Бектенов Үкімет отырысы барысында әкімдіктерді көшет саны жөнінде қате ақпарат бергені үшін жазалау қажет деп атап өтті.

Көп қаржыны талап ететін ауқымды жоба ретінде 2 миллиард ағаш отырғызудың әр қадамын жіті бақылап отыру және жалған есеп фактілері болса, құқықтық бағалау қажет.

Жобаның маңызы жайлы

Ағаш егу бастамасы ел үшін неге соншалықты маңызды? Өйткені ағаш отырғызу экожүйені қалпына келтіруге мүмкіндік береді, шығарындыларды азайтуға және жергілікті биоалуантүрлілікті сақтауға ықпал етеді, пайдаланылмай отырған санатына жататын тозған жерлерді қалпына келтіруді жеделдетеді.

Фото: Нелли Нигматуллина/Kazinform

— Бізде, өкінішке қарай, шамамен 90 млн гектар жер деградацияға, соның ішінде шөлейттенуге ұшыраған. Бұл құбылыспен күрес көбінесе Экология министрлігі арқылы жүреді, — деп атап өтті ҚР Мәжілісінің депутаты, «Ауыл» партиясының жетекшісі Серік Егізбаев BIZDIÑ ORTA подкастында.

Оның айтуынша, топырақ деградациясымен күресу үшін Президент айтқан 2 млрд ағаш егу тапсырмасы өте маңызды. Өйткені жер ерекше күтімді қажет етеді. Депутаттың сөзінше, бір сантиметр топырақты қалпына келтіру үшін шамамен 70-80 жыл қажет. Органикалық тыңайтқыштар шашу, көпжылдық шөптер егу де бұл үдерісті тездетуі мүмкін.

— «Ауыл» партиясының фракциясында «Топырақтың құнарлылығын сақтау туралы» заң жобасы дайындалып жатыр, онда біз жер иелерінің топырақ үшін жауапкершілігін қарастырғымыз келеді, өйткені қазір олар тек пайдаланып отыр, — деп атап өтті Серік Егізбаев.

Жаһандық жылыну қаупін ескерсек, ағаштар қала мен ауылдарымызды шөлейттен құтқаратын қалқан болады. Ақпарат үшін: бір түп сексеуіл 4 тонна құмды ұстап қала алады.

Сондықтан ағаш егу — жай ғана бүгінде сәнге айналған «жасыл» шара емес, бұл — болашақта адамзаттың аман қалу мәселесі. Сол себепті бастаманың жүзеге асырылуын қатаң бақылау керек.

Жоғарыда аталған Үкімет отырысында Премьер-Министр егу қарқынының төмендігі, ағаштардың нашар сіңісіп кетуі және өрт Президент тапсырмасын уақытылы орындауға кедергі келтіріп отырғанын атап өтті.

Бұл тұрғыда әкімдіктер сапалы жұмыс істеп, министрлік тарапынан нақты үйлестіру жүргізілуі керек екені айтылды, өкінішке қарай, бұл жұмыстар байқалмай отыр. Әңгіме тиімсіз жоспар, егу материалдарының жетіспеушілігі турасында болды.

Көріп отырғанымыздай, бүгінгі жағдай да мәз емес.

P. S. Тақырыпты егжей-тегжейлі түсіну үшін Kazinform агенттігі биыл 21 мамырда Экология және табиғи ресурстар министрлігіне сауал жолдады. Бірақ, өкінішке қарай, министрлік қызметкерлері жауапты созып жіберді. Сірә, көп қағаздың арасынан шыға алмай қалған шығар…