ОРАЛ. ҚазАқпарат - БҚО мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты облыстық экология департаментінің талап-арызы бойынша «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг б.в.» компаниясынан 526,3 млн астам теңге залалды өндіру туралы істі қарап, шешім шығарды.
БҚО сотының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, аталмыш департамент өткен жылы 1 қаңтардан 31 шілдеге дейін жоспардан тыс тексеру жүргізген кезде «ҚПО б.в.» компаниясының газ жағу кезінде ауаға лас қалдықтарды шығарғанын анықтаған. Оның көлемі 43,8 тонна. Осыған байланысты компания нормадан тыс және өздігінен жасаған эмиссия үшін 10 есе көлемдегі төлемақыны өз еркімен төлеген. Алайда бұл қоршаған ортаға келтірілген залалды өтеу жауапкершілігінен босатпайды. Осыны ескерген сот департамент талап-арызын қанағаттандырды.
Сот шешімі күшіне еніп, аталған компаниядан мемлекет пайдасына 526 352 686 теңге толық өндірілді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).