Экология, жарық және туристер санын шектеу: Көлсайда туризмді реттеу қалай жүзеге асып жатыр

Фото: Александр Павский / Kazinform

ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Былтыр «Көлсай көлдері» ұлттық табиғи паркі 395 мыңнан астам туристі қабылдады.

Бұған дейін редакциямыз Көлсайдың бірегей табиғатына туристік ағынның көбеюі қалай әсер етуі мүмкін екендігі туралы мақала жариялаған болатын. Мамандар табиғатты келер ұрпаққа сақтау үшін дер кезінде тиісті шаралар қабылдаудың маңызын атап өткен еді.

Аталған мақала жарияланғаннан кейін ұлттық парк басшылығы экологияны қорғау, санитария мен туристік аймақтарды абаттандыру бойынша қолға алынған жобалар туралы кеңірек мәлімет берді.

Туристер санын шектеу

Ұлттық парк директорының орынбасары Хамит Ахметовтың айтуынша, туристердің 99 пайызы Төменгі Көлсай мен Қайыңды көлдеріне барады..

Өткен жылы паркке 395 мыңнан астам адам келді, бұл — Көлсайға деген қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді. Алайда мұндай танымалдылық табиғатқа зиян келтірмеуі тиіс.

Экологиялық тепе-теңдікті сақтау және рекреациялық жүктемені азайту мақсатында алдағы 4–5 жыл ішінде туристер санына шектеу қойылады.

Фото: Александр Павский / Kazinform

— Маусым кезінде келушілер саны тәулігіне 7 мың адамға дейін жеткен кездер болды. Туристер ағынын біркелкі бөлу және жүктемені азайту үшін біз баламалы бағытты дамытуды қолға аламақпыз. Қазіргі уақытта ұлттық парк аумағында тоғыз маршрут бар, — деді Хамит Ахметов.

Көлсай мен Қайыңдыға түсетін жүктемені азайту үшін ғылымға негізделген есептеулер қажет.

Бұл мақсатта эколог, географтар, энтомолог секілді сала мамандары тартылады. Олар келушілерге арналған экологиялық шектеулер мен табиғи тепе-теңдікті сақтауға бағытталған нақты жоспар ұсынады.

— Нақты стандарттарды анықтайтын кез келді: күніне қанша адам Көлсай мен Қайыңдыға табиғатқа зиян келтірмей келе алады. Бұл шектеулер біздің экожүйені, флораны, фаунаны және бүкіл табиғи тепе-теңдікті сақтау үшін жасалады. Ұлттық парктердің басты мақсаты – адам мен табиғаттың үйлесімді тіршілігін қамтамасыз ету, — деді парк өкілі.

Фото: Александр Павский / Kazinform

Оның айтуынша, мұндай тәжірибе шетелде бұрыннан бар. Мысалы, АҚШ-тағы Йеллоустоун ұлттық паркіне туристер келетін күнін алдын ала брондайды.

2025 жылдың алғашқы тоқсанында паркке 130 мың адам келіп үлгерген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда әлдеқайда көп. Жыл соңына дейін Көлсай көлдеріне 500 мыңнан астам турист келуі мүмкін деген болжам бар.

Фото: Александр Павский / Kazinform

Цифрлық бақылау және онлайн төлем

Туристер ағынын реттеу шаралары аясында биыл Қазақстандағы танымал ұлттық парктерде кіреберіс жүйесін цифрландыру қолға алынды. Автоматтандырылған шлагбаумдар орнатылып жатыр, олар екінші деңгейлі банктермен интеграцияланады. Туристер онлайн режимде алдын ала төлем жасау арқылы кезек пен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінен құтылады.

Фото: Александр Павский / Kazinform

— Рекреациялық шек нақты белгіленген соң туристер Көлсай мен Қайыңдыға келу күнін алдын ала таңдап, онлайн төлем жасай алады. Бұл жүйе ағынды тиімді реттеуге мүмкіндік береді, — деп түсіндірді Ахметов.

Санитарлық жағдай: жаңа деңгей

Ұлттық парк аумағында бес санитарлық торап орнатылған. Олар инвесторлар есебінен толық жаңартылды. Арнайы кабиналар мүгедектігі бар адамдарға арналған, ыстық және суық су желісі тартылған.

Фото: Александр Павский / Kazinform

Барлық санитарлық торап жеке компанияның басқаруына берілген. Қызмет құны — адам басына 100 теңге. Әр торапта септик орнатылған, олардың ішіндегісі арнайы техниканың көмегімен тұрақты түрде шығарылып, парк аумағынан тыс орналасқан арнайы полигонға жеткізіледі.

Кazinform тілшілері аталған полигонға барып, қалдықтардың қалай жиналып, өңделетінін өз көздерімен көрді. Ол тауда, паркке кіреберіс маңында орналасқан. Аумағы үлкен, қоршалған.

Фото: Александр Павский / Kazinform

Мұнда арнайы суағар мен қалдықтарды жинау жүйесі бар.

Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаев бұрын бұл өңірде қалдықтарды жою мәселесі өзекті болғанын, қазір бұл жағдай бақылауға алынғанын жетікзді.

Фото: Александр Павский / Kazinform

— Қалдықтарды жоюға арналған нысанды салу үшін Саты ауылының жоғары жағынан арнайы орын бөлдік. Бұл жобаның құны 900 млн теңгеден асады. Мердігер жоба бойынша жұмысты бастап кетті. Күзге дейін жол салып, жарық тарту жоспарда. Бұл жер тек Көлсай көлдерінің аумағынан ғана емес, сонымен қатар жақын маңдағы бүкіл елді мекеннің ағынды суларын ағызатын біртұтас полигонға айналады. Сонымен қатар, мұнда ауылдардан шалғай полигон салу көзделген. Жобаны әзірлеуге және келісуге бір жарым жыл уақыт кетті, барлық қажетті құжаттар заңға сәйкес рәсімделді, — деп атап өтті Нұрбақты Теңізбаев.

Фото: Александр Павский / Kazinform

Қайыңдыға баратын жол мен жарық мәселесі

Сондай-ақ Нұрбақтыт Теңізбаев Қайыңды көліне жол салу жобасының бүгінгі жай-күйімен бөлісті. 

Аудан әкімінің айтуынша, қазір Қайыңды көліне дейінгі 12 шақырым жол құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасы аяқталды.

Фото: Александр Павский / Kazinform

— 12 шақырым жолдың 10 шақырымына жоба әзірледікдайындадық. Сондай-ақ жеке инвестор басқаратын автотұрақ салу жоспарда. Құжаттар мәслихаттың қарауына жіберілді. Облыс әкімі өзі қолдап отыр. Құрылыстың жалпы құны —2,5 млрд теңгеге бағаланып отыр, — деді Нұрбақыт Теңізбаев.

Көлсай көлдерінде жарық мәселесі де әлі өзекті күйінде қалып отыр. Көп жағдайда электр қуаты өшіп, мобильді байланыс үзіледі. Бұл туристер мен жергілікті тұрғындарға қолайсыздық тудырады.

Фото: Александр Павский / Kazinform

Әкім бұл мәселе бақылауда екенін жеткізді. Облыстық бюджеттен жаңа электр желілерін тартуға қаражат бөлінген. Жобаға сәйкес, ұзындығы 46 шақырым — Жалағаш ауылынан Көлсайға дейін электр желісін тарту қарастырылған. Қазір жобалық-сметалық құжат әзірленіп жатыр.

Осыған дейін Алматы облысында орналасқан танымал туристік ауылда жер дауы туындаған еді. 

Еске салайық, 2023 жылы Алматы облысының Саты ауылы халықаралық деңгейде ең үздік туристік ауыл ретінде танылып, беделді «Best Tourism Villages by UNWTO» сыйлығымен марапатталды

Сондай-ақ туристердің қауіпсіздігін күшейту мақсатында қандай жобалар қолға алынғаны туралы жазған едік

Фото: Александр Павский / Kazinform