Экологиялық айыппұлдардан түсетін қаржы ауылдық округтердің бюджетіне берілмек

Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Экологиялық айыппұлдардан түсетін түсімдерді ауылдық округтердің бюджетіне беру жоспарланып отыр. Бұл жайында Сенат депутаттарының сауалына Премьер-министр Олжас Бектеновтің жауабында айтылған.

- Бюджет заңнамасына сәйкес, қоршаған ортаға жағымсыз әсер еткені үшін төленетін ақы арнаулы түсімдер санатына жатқызылып, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап 100 % мөлшерінде жергілікті бюджеттерге, оның ішінде облыстық бюджеттерге, республикалық маңызы бар қалалар мен астана бюджеттеріне есептеледі. Экология және табиғи ресурстар министрлігі және оның аумақтық органдары салатын әкімшілік айыппұлдар, өсімпұлдар мен санкциялар да облыстық бюджеттерге аударылады. Бұл ретте Экологиялық кодекстің 29-бабының 7-тармағына сәйкес, қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарлары әзірленген және бекітілген жылдың алдындағы үш жылда жергілікті бюджетке түскен экологиялық төлемдер сомасынан кем болмайтын көлемдегі бюджет қаражаты есебінен іске асырылады, деді Үкімет басшысы.

Оның атап өтуінше, 2026 жылдан бастап Бюджет және Экология кодекстерінің нормалары өзара үйлеседі. Ал экологиялық төлемдер нысаналы сипатта болады.

- Осыған байланысты экологиялық айыппұлдардан түсетін түсімдерді ауылдық округтердің бюджеттеріне беру ұсынылады. Тиісті түзетулер Парламент Мәжілісінде қаралып жатқан заң жобасына енгізілді, - деді ол.

Премьер-министр «қай жерде жұмыс істесең – сол жерде салық төле» қағидатын іске асыру бөлігінде қолданыстағы салық заңнамасында заңды тұлғаларға орналасқан жері бойынша құрылымдық бөлімшелер арқылы салық төлеу құқығы берілгенін атап өтеді.

- Сонымен бірге өзге аумақта салық салу объектілері болған кезде құрылымдық бөлімшелерді міндетті түрде тіркеу заңнамамен бекітілсе, бизнеске қосымша әкімшілік және қаржылық салмақ салады және жүргізіліп жатқан реттеушілік қысымды азайту саясатына сәйкес келмейді,- деді Олжас Бектенов.

Бұған дейін ауылдық округтердің бюджетіне жекелеген салық түсімдерін беру мәселесі пысықталып жатқанын жазған едік.