Экологиялық қозғалыс Энергетика министрлігі мен мұнай компанияларын сотқа берді

АСТАНА. KAZINFORM — «Save the Caspian Sea» жаһандық экологиялық қозғалысы Қазақстанның Энергетика министрлігі мен мұнай компанияларына қарсы сот ісін бастады.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Қозғалыстың негізін қалаушы Вадим Ни Өнімді бөлу туралы келісімдердің (ӨБК) жариялануын талап етуде.

− Біз Каспий теңізі үшін аса маңызды кезеңдеміз. Біздің қоғам жылдар бойы мұнай өндіру қызметін реттейтін Өнімді бөлісу туралы келісім шарттарынан бейхабар болып келді. Каспий теңізіне артылған жүктеме салдарын, теңіздің біртіндеп өліп бара жатқанын қазірдің өзінде көріп отырмыз, алайда оған жауапты тарап жоқ. Сондықтан біз қазір ғалымдар мен сарапшылардың көмегімен Каспий мәселесін қоғамға, мемлекеттік органдарға түсінікті әрі айқын ету үшін жұмыс жүргізіп жатырмыз. Сондай-ақ әртүрлі елдер арасында диалог орнатып, тек Қазақстан ішінде ғана емес, Каспий маңы мемлекеттері деңгейінде де ортақ шешім табуды көздейміз, − деді В. Ни елордада өткен дөңгелек үстелде.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Спикердің айтуынша, қаңтар айының ортасында Қарашығанақ, Қашаған және Теңіз кен орындары бойынша Өнім бөлісу келісіміндегі экологиялық ақпаратты ашу туралы сұраныс жіберілген. 

Ақпан айының басында Үкімет бұл ақпараттың құпиялылығын сақтау бойынша кепілдік бергенін және олардың жазбаша келісімі қажет екенін алға тартып, сұранысты кері қайтарған. 

− Әрине, бұл уәжбен келіспейміз, себебі ол қазіргі халықаралық экологиялық құқыққа және Қазақстан Конституциясының 6-бабына қайшы келеді, онда табиғи ресурстар мен жер қойнауы Қазақстан халқына тиесілі деп жазылған. Біз бұл шешімді сотта даулаймыз және кеше әкімшілік шағым түсірдік. Әрі қарай осы ақпаратты ашу мәселесін әкімшілік сот арқылы қарауды талап етеміз, егер қажет деп тапса, сот бұл істі Конституциялық сотта қарау процесіне бастамашы болуы мүмкін. Егер ондай мүмкіндік болмаса, халықаралық инстанцияларға жүгіну құқығымыз бар, − дейді қозғалыс басшысы.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Қозғалыс өкілі бұл ақпараттың ашықтық режимін қамтамасыз ететінін, оған сала сарапшыларын тартуға болатынын және мәселеге қызығушылықты арттыратынын айтуда. 

− Бұл тек Үкімет пен мұнай компаниялары арасындағы екіжақты қарым-қатынас болудан қалады. Мемлекет басшысы айтқандай, ӨБК қайта қаралса, әділ келісімге қол жеткізу үшін сараптамалық көмек, сарапшылардың бағалауы мен ұсыныстары өте маңызды болады. Біздің ойымызша, бұл келісімге экологиялық талаптарды енгізу аса маңызды, әрі бұл талаптар біз үшін ашық болуы керек, сонда біз олардың орындалуын толықтай қадағалай аламыз, − деп түйіндеді Вадим Ни. 

Дөңгелек үстел қатысушылары мұнай өндіретін компанияларды Каспий экожүйесін қорғауға барынша жауапкершілікпен қарауға шақырды. Бүгінде Каспий климаттық, экологиялық және экономикалық дағдарыстарға тап болды. Су деңгейі асқан жылдамдықпен төмендеп келеді. Экология және табиғи ресурстар министрлігінің хабарлауынша, соңғы 20 жылда су кемінде 2 метрге азайды.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Ал 2024 жылы Каспийдің Қазақстан бөлігінде су деңгейі 2023 жылмен салыстырғанда 26 см-ге төмендеген.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында жер қойнауын пайдалануда реформа еш кедергіге қарамастан жалғасуы керек екенін айтқан еді.

Энергетика министрлігі алдағы 2-3 жылда өнімді бөлу туралы келісімдерді (ӨБК) ұзарту бойынша шетелдік инвесторлармен келіссөздер жүргізбек.