Экологиялық мәселе шешімін тапты: Степногорскідегі қалдықтар жаңа кешенге көшіріледі

Фото: recycle.kz

КӨКШЕТАУ. KAZINFORM — Бүгінгі таңда Ақмола облысының Біржан Сал ауданында тоңазытқыш және климаттық жабдықты қайта өңдейтін, сондай-ақ тұрақты органикалық ластағыштарды, оның ішінде ПХД-қалдықтарды термиялық жолмен жоятын арнайы өндірістік кешеннің құрылысы аяқталуға жақын. Степногорск қаласындағы ПХД-қалдықтар сол жерге жеткізілмек, деп жазды Kazinform агенттігінің өңірдегі тілшісі.

2020 жылы Балқаштан Степногорскке ПХД-қалдықтар жеткізілгеннен кейін, жергілікті тұрғындар бірнеше рет өз қауіпсіздіктері жайлы мәселе көтерген. Олар бұл мәселені облыс пен республика деңгейінде қозғап, Президентке үндеу хат жолдап, қол жинаған.

Президент олардың үнін естіп, 2023 жылы Ақмола облысына жұмыс сапары барысында ПХД-қалдықтарды жоятын зауыт салу туралы тапсырма берген, бірақ ол зауыт Степногорскте емес, басқа жерде бой көтеруі керек болған.

Арада уақыт өтті. Степногорск тұрғындары қалаларында онсыз да күрделі экологиялық жағдай ушықпауы үшін бұл қалдықтардан арылуға үміттерін үзгендей болды. Осыған орай Kazinform редакциясы Президент тапсырмасының орындалу барысын анықтауды ұйғарды.

Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігі Kazinform-ның сұрауына жауап бере отырып, 2020 жылы бұрынғы «Дарьял-У» әскери базасында сақталған конденсаторлар жаңа, БҰҰ сертификаттаған металл бөшкелерге қайта оралып, Балқаштан Степногорск қаласындағы арнайы қоймаға жеткізілгенін хабарлады.

— Қойма ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің 2022 жылғы 24 қарашадағы № 717 бұйрығымен бекітілген «Тұрақты органикалық ластағыштармен және оларды қамтитын қалдықтармен жұмыс істеу ережелерінің» 3 және 4-параграфтарына сәйкес жабдықталған. Бұл қоймадағы экологиялық заңнаманың сақталуына Ақмола облысының экология департаменті мемлекеттік бақылау аясында мониторинг жүргізіп отырады, — деп түсіндірді министрлік.

Президент тапсырмасына сәйкес, ПХД-қалдықтарды жоюға арналған кәсіпорын салу бойынша Министрлік қалдықтарды қауіпсіз тасымалдау мен кейінгі жою жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп жатқанын атап өтті.

Фото: recycle.kz
— Қазіргі уақытта Ақмола облысы Біржан Сал ауданында тоңазытқыш және климаттық жабдықты қайта өңдейтін, тұрақты органикалық ластағыштарды, соның ішінде ПХД-қалдықтарды термиялық жолмен жоятын арнайы кешеннің құрылысы аяқталуда. Бұл кешен жеке серіктес — «ЭкоЛюкс-Ас» ЖШС есебінен, БҰҰ-ның ГЭФ, ЮНИДО сияқты халықаралық ұйымдарының техникалық қолдауымен жүзеге асуда. Қажетті құрал-жабдықтар Қазақстанға жеткізіліп, кедендік рәсімдер аяқталды, бірінші кезеңнің ғимараттары мен инфрақұрылымы дайын, — деді министрлік өкілдері.

Инфрақұрылым құрылысы аяқталу сатысында. Қалдықтарды тасымалдау 2025 жылдың қыркүйек–қазан айларында қабылдау алаңы дайын болғаннан кейін басталмақ.

Фото: recycle.kz
— Қалдықтарды жою жұмысы 2025 жылдың соңында іске қосу-баптау жұмыстары аяқталған соң жоспарланып отыр. Бұл мәселе Министрліктің ерекше бақылауында, — делінген ресми жауапта.

Еске сала кетейік, 2022 жылы Степногорсктегі ПХД-қалдықтар туралы сұраққа жауап бергенде, Министрлік халыққа қауіп жоқ екенін мәлімдеген еді. Сондай-ақ ПХД-қалдықтарын өңдейтін зауыт Біржан Сал ауданында салынуы мүмкін деген ақпарат жарияланған болатын.

Ал 2020 жылы Экология министрлігі Степногорскіде ПХД-қалдықтарын утилизациялау зауыты болмайды деген еді.

Жалпы елімізде қалдықты қайта өңдеу жобалары неге баяу атқарылатынын Экология министрі түсіндірген болатын.