Экологиялық талаптарды бұзғаны үшін Павлодарда 8 әкім айыппұл төледі

АСТАНА. KAZINFORM — Прокуратура жүргізген талдау нәтижесінде Аққулы ауданының аумағында қатты тұрмыстық қалдықтардың жиырмадан астам полигоны анықталды, олардың ешқайсысында қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсат жоқ. Бұл туралы Павлодар облысының прокуратурасы мәлім етті.

Фото: freepik.com

Экологиялық кодекстің 13-бабының 4-тармағына сәйкес табиғатты сақтау және оның ресурстарына ұқыпты қарау барлық жеке және заңды тұлғалардың парызы.

Экологиялық-санитариялық талаптарға сәйкессіздіктер анықталды, сондай-ақ нормативтік-техникалық құжаттаманың жоқтығы, қоршаған ортаға теріс әсердің алдын алу үшін жинақталған қалдықтардан түзілетін фильтрат пен ағын суларды бақылау жүйесінің жолға қойылмағаны белгілі болды.

Өздігінен пайда болған полигондар қоқыс газының шығарындыларын бақылау жүйесімен жабдықталмаған.

Анықталғандай, олар коммуналдық қалдықтарды бақылаусыз орналастыру салдарынан пайда болған.

Өз кезегінде жергілікті атқарушы органдар тарапынан коммуналдық қалдықтарды басқару кезінде экологиялық талаптардың сақталуы қамтамасыз етілмеген.

Нәтижесінде сегіз ауылдық округтің әкімдері әкімшілік жауаптылықа тартылды.

Жалпы сомасы 1,7 млн теңге көлемінде айыппұлдар төленді.