Экологиялық заңнаманы бұзған павлодарлық кәсіпорындарға 44 млн теңге айыппұл салынды

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Жыл басынан өңірлік экология департаменті 70 кәсіпкерлік субъектісін тексеріп, 98 заң бұзушылықты анықтаған. Бақылау нәтижелері бойынша 44 млн теңгеден астам сомаға 47 әкімшілік айыппұл салынды.

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Бұл туралы экология департаментінен хабарлады.

- Жылдың алғашқы 9 айында 70 кәсіпкерлік субъектісі тексеріліп, нәтижесінде экологиялық заңнама талаптарын бұзудың 98 жағдайы анықталды. Жалпы сомасы 44 млн теңгеден астам сомаға 47 әкімшілік айыппұл салынды. Департамент кемшіліктерді жою бойынша 39 ұйғарым берді, оның 25-і орындалды. Кейбір кәсіпорында рұқсат қағаздарының сәйкес болмауы анықталды. Атап айтқанда, «Ақсу ферроқорытпа зауыты» АҚ және «Құрылыс материалдары зауыты» ЖШС экологиялық рұқсат қағаздарының болмағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды,-деп хабарлады департаменттен.

Павлодар облысының аумағында 15 кәсіпорын автоматтандырылған мониторинг жүйелерін (АМЖ) орнатуға міндеттелген. Қазіргі таңда 10 кәсіпорын (67%) бұл жүйелерді орнатты, олардың 3-і деректерді аударумен бірге ақпараттық жүйеге қосылды. Ал бес кәсіпорын қосу кезеңінде тұрса, біреуі тестілеу режимінде.

АМЖ-ін орнату талаптарын сақтамағаны үшін департамент 6 нысанға 2 млн теңгеге әкімшілік шектеулер қойған.

Еске сала кетейік, Павлодарда ғарыштық мониторинг деректері бойынша 186 заңсыз қоқыс үйіндісі жойылды.