Экологиялық жауапкершілік күнделікті әдетке айналуы керек – Сәкен Қалқаманов

АСТАНА. KAZINFORM — «Таза Қазақстан» бір реттік акциялармен шектелмей, күнделікті өмір салтына айналуы керек. Бұл туралы «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» КЕАҚ Басқарма төрағасы Сәкен Қалқаманов айтты.

Фото: Сәкен Қалқамановтың жеке мұрағатынан

Оның пікірінше, бастаманың басты маңызы – экология мәселесін тек мемлекеттік органдардың міндеті деп қарамай, қоршаған ортаға жауапкершілікті әр азаматтың күнделікті ұстанымына айналдыру.

— Сенбіліктер, көгалдандыру, аумақтарды тазалау сияқты нақты жұмыстар адамдардың қоршаған ортаға деген көзқарасын өзгертуге ықпал етеді. Ең маңыздысы – тазалықты бір реттік акция емес, қоғамның тұрақты мәдениетіне айналдыру. Бұл бағыт 2024–2029 жылдарға арналған «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасында да жүйелі міндет ретінде бекітілген, — деді Сәкен Қалқаманов агенттік тілшісіне берген сұхбатында.

Бүгінде бастама аясындағы жұмыстар кең көлемде жүргізіліп келеді. 2026 жылдың алғашқы жеті айында «Таза Қазақстан» аясында 500 экологиялық іс-шара өткізіліп, оған 6,1 млн адам қатысқан. Осы кезеңде 813 мың тонна қалдық жиналып, 1,2 млн ағаш отырғызылған.

Спикердің айтуынша, ендігі міндет – қатысушылар санын арттырумен ғана шектелмей, адамдардың күнделікті әдетін өзгерту.

— Қоқысты сұрыптау, су мен энергияны үнемдеу, қоғамдық орындарды таза ұстау, табиғи ресурстарға ұқыпты қарау қалыпты әдетке айналуы керек. Ол үшін үш бағытты қатар дамыту қажет: инфрақұрылым, ынталандыру және экологиялық білім, — деді ол.

Оның сөзінше, азаматтан қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауды талап етпес бұрын, оған қажетті жағдай жасалуы керек. Қалдықтарды бөлек жинайтын контейнерлер мен қайта өңдеу пункттері қолжетімді болуы, қоғамдық көлік пен жасыл аймақтар дамуы қажет. Сондай-ақ су мен энергияны үнемдеуге мүмкіндік беретін инфрақұрылым қалыптасуы тиіс.

Екінші бағыт – экономикалық ынталандыру. Сәкен Қалқамановтың пікірінше, түсіндіру жұмыстарымен ғана шектелмей, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауды азаматқа да, бизнеске де тиімді ететін тетіктер қажет.

— Қалдықтарды сұрыптау мен қайта пайдалану, ресурстарды үнемдеу, жасыл технологияларды енгізу бағытында ынталандыру шаралары қажет. Экологиялық жауапкершілік азаматқа да, бизнеске де нақты пайда әкелетін жүйе қалыптастырған дұрыс, — деді ол.

Үшінші бағыт – экологиялық білім. Орталық басшысының айтуынша, қоршаған ортаға ұқыпты қарауды бала кезден қалыптастыру маңызды. Мектептер мен жоғары оқу орындарында теориялық сабақтармен қатар нақты жобалар тұрақты жүргізілуі керек. Ағаш отырғызу, қалдықтарды сұрыптау, су мен энергияны үнемдеу, жергілікті экологиялық мәселелерді шешуге атсалысу осындай жұмыстардың қатарына жатады.

Сәкен Қалқаманов «Таза Қазақстанның» нәтижесін бағалағанда өткізілген акциялар мен жиналған қалдық көлемімен ғана шектелмеу қажет екенін де атап өтті.

— Қалдықтарды қайта өңдеу үлесі, отырғызылған жасыл желектің сақталуы, заңсыз қоқыс орындарының азаюы, ресурстарды тұтынудың төмендеуі және тұрғындардың күнделікті әдетінің өзгеруі сияқты көрсеткіштер де ескерілуі керек, — деді ол.

Оның пікірінше, «Таза Қазақстанның» келесі кезеңінде жасыл технологиялар негізгі құралдардың біріне айналуы мүмкін. Себебі экологиялық мәдениет адамның ниетіне ғана емес, оның күнделікті өмір сүретін ортасына да байланысты.

Мәселен, қалдықтарды басқаруда контейнерлердің толу деңгейін бақылайтын датчиктерді, қоқыс таситын көліктердің бағытын тиімді жоспарлайтын цифрлық жүйелерді және қалдықтарды автоматты түрде сұрыптайтын технологияларды қолдануға болады. Бұл қалдықтарды уақытында жинауға, тасымалдауды тиімді ұйымдастыруға және қайта өңдеуге жіберілетін қалдық көлемін арттыруға мүмкіндік береді.

Қаланы абаттандыруда су үнемдейтін суару жүйелерін, жергілікті климатқа бейім көгалдандыру тәсілдерін, жаңбыр суын жинау жүйелерін, энергия үнемдейтін жарықтандыру мен жаңартылатын энергия көздерін қолдануға болады.

Сәкен Қалқаманов цифрлық технологияларды тұрғындарды экологиялық мәселелерді шешуге тарту үшін де пайдалануға болатынын айтты. 

— Мысалы, азаматтар заңсыз қоқыс орындары, экологиялық немесе абаттандыру мәселелері туралы цифрлық платформалар арқылы хабарлай алады. Ал мемлекеттік органдар түскен ақпаратты геоақпараттық жүйелер мен талдау құралдары арқылы бақылап, тиісті шара қабылдай алады. 2026 жылы Үкіметтің талқылауларында да «Таза Қазақстан» аясында қоршаған ортаны қорғау және экологиялық мәдениетті қалыптастыру үшін цифрлық технологияларды пайдалану мәселесі арнайы қаралды, — деді ол.

Оның айтуынша, технологияны енгізудің өзі мақсатқа айналмауы керек.

— Ең маңыздысы – технологияны жай ғана «технология үшін» енгізбеу. Әрбір шешім нақты экологиялық мәселені шешуге, ресурсты үнемдеуге және азаматтың қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауын жеңілдетуге тиіс. Сонда «Таза Қазақстан» тазалық акцияларынан біртіндеп технологияға, инфрақұрылымға және жауапты тұтынуға негізделген жаңа өмір салтына айналады, — деді Сәкен Қалқаманов.

Еске сала кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» бастамасын жаңа идеялар мен жобалар арқылы одан әрі дамыту жөнінде тапсырма берген болатын. Сондай-ақ Президент қазақстандықтарды қалалар мен ауылдарды абаттандыру жұмыстарына белсенді қатысуға шақырған еді.