Экологиялық қауіпті технологияларды, техника мен жабдықты әкелуге тыйым салатын жоба мақұлданды ? Мәжіліс

АСТАНА. Сәуірдің 22-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ -. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «ҚР Экологиялық кодексіне экологиялық қауіпті технологияларды, техника мен жабдықты әкелуді реттеу мәселелері бойынша өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды.

Аталған құжат экологиялық талаптарға сай келмейтін технологияларды, техника мен жабдықтарды елге әкелуге тыйым салады, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Заң жобасы табиғи ресурстарды орынды пайдалану және қоршаған ортаның ластану, ескірген «лас» технологияларды бақылаусыз әкелу, жаңартылған ресурстарды тиімді пайдалану секілді проблемаларды шешу үшін қажетті заңнамалық базаны қалыптастыруға бағытталады. Тоқтала кететін жайт, бүгінгі күні елімізге пайдаланылған ресурсы бар және экологиялық талаптарға сай келмейтін технологияларды, техника мен жабдықтарды көптеп әкелудің салдарынан қоршаған ортаға айтарлықтай зиян тиіп отыр. Осыған байланысты, заң жобасы арқылы халықаралық тәжірибеге сәйкес экологиялық талаптарға сай келмейтін жабдықтарды әкелуді шектеу жөнінде тетік қалыптастыру көзделеді. Құжатты қабылдау кәсіпорындарды шет елдерден келетін ескі әрі зиянды технологияларды қолданудан бас тартуға ынталандыруға бағытталады. Бұндай зиянды технологиялардан әлемнің дамыған елдерінің барлығы бас тартып келеді. Сондықтан да, Қазақстанға «лас» технологияларды әкелуді шектеу ендігі күні Экологиялық кодекске өзгерістер енгізу арқылы жүзеге аспақ. Бұл мәселе әсіресе, әлемдік дағдарыс жағдайында көптеген мемлекеттердің өз аумағына тиімсіз технологияларды әкелуді шектеп отырған тұста өзекті болып отыр. Жобаның жүзеге асуы экологиялық қауіпті технологияларды, техника мен жабдықтарды Қазақстан аумағына әкелу мемлекеттік реттеу арқылы жүзеге асырылатын болады. Нәтижесінде қоршаған ортаның ластану деңгейі, өндіріс және тұтыну қалдықтарының саны біртіндеп төмендейтін болады. Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы Парламент Сенатына жіберіледі.