Экологиялық кодекстің жаңа редакциясы күшіне енді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Экологиялық кодекстің жаңа редакциясы күшіне енді. Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің орынбасары Ахметжан Пірімқұлов Green energy & Waste recycling forum атты жаңартылатын энергия және қалдықтарды қайта өңдеу жөніндегі 5-ші еуразиялық бизнес-форумында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Өздеріңіз білетіндей, 2013 жылдан бері жасыл экономикаға өту тұжырымдамасы іске асып жатыр. Соның аясында су ресурстарын тиянақты пайдалану, ауыл шаруашылығын дамыту, қалдықтарды басқару, ауаның ластануын тежеу бойынша көптеген индикаторлар әзірленген болатын. Бұл тұжырымдаманың бағыттары тұрақты дамудың мақсаттарымен тікелей байланысты. Бүгінгі форумның ашылуы да символды сәтке дөп келіп отыр. Экологиялық кодекстің жаңа редакциясы күшіне енді. Бұл министрлік мамандары мен Парламент депутаттарының, бизнес өкілдері мен экология жанашырларының бірлескен еңбегінің арқасында іске асты», - деді вице-министр.


Жаңартылатын энергия және қалдықтарды қайта өңдеу жөніндегі 5-ші еуразиялық бизнес-форумның пленарлық отырысында Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов, «ӨКМ Операторы» ЖШС басқарма төрағасы Медет Құмарғалиев, БҰҰ Қоршаған орта, субөңірлік кеңсесінің өкілдері және табиғат жанашырлары қатысып, пікір алмасты.

Форумның сессия жұмысында «жасыл» экономиканың дамуына тосқауыл болып тұрғын кедергілер, қалдық өңдеу секторындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері, көмірсутектің экономикадағы үлесін азайту шартында жұмыс істеу тәсілдері сияқты мәселелер талқыланады.