Экологияны бұзғандар бюджетке 5 млрд теңге төлейді

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2017 жылы еліміздің экология талаптарын бұзған кәсіпорындарға 5 млрд теңгеге жуық айыппұл салынды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында ҚР Энергетика министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Ахметжан Пірімқұлов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Өткен жылы республика бойынша 1753 тексеру жүргізіліп, заңбұзушылықтар бойынша шамамен 5 млрд теңгеге айыппұл салынды. Айыппұлдардың 89,95 пайызы өндірілді. Ал шығындар бойынша 90 пайыздан аспайды. Мұның неліктен екендігін де түсіндіре кетейін. Егер айыппұлдарды өндіріп алу айтарлықтай жеңілдетілсе, сот тәртібімен шығындарды өндіру процедурасы сот үкімі шыққан соң бірден заңды күшіне еніп, одан кейін ғана мәжбүрлеп өндіру шарасы қолданылады», - деді комитет төрағасы.

Оның айтуынша, өз еркімен айыппұлдарды өтеу көрсеткіші шамамен 40 пайызды құрайды. Ал өткен жылы экология талапттарын бұзғандарға салынған жалпы айыппұлдың 30-40 пайызы мұнай секторына тиесілі болып отыр.

Айта кетерлігі, қазіргі уақытта Энергетика министрлігінде қолданыстағы Экологиялық кодекске маңызды өзгерістер мен толықтырулар әзірлеу үшін жұмыс тобы құрылды. Оған мүдделі мемлекеттік органдар, халықаралық, үкіметтік емес ұйымдар, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері кіреді. Биыл Экологиялық кодекстің тұжырымдамасын әзірлеу және оны заң жобалау жұмыстарының жоспарына енгізу көзделген. Кодекстің жобасы Қазақстан Парламентінің қарауына 2019 жылдың аяғында енгізу көзделген.