Экологтар Өскемен ЖЭО-на «жасыл» технологияларға көшуге шақырады
16:53, 13 Наурыз 2013
ӨСКЕМЕН. 13 наурыз. КазАқпарат - Экология бойынша үйлестіру кеңесінің отырысында сарапшылар Өскемен ЖЭО-на қолданыстағы газ тазалау қондырғыларын түбегейлі қайта құруды жүргізуге кеңес берді. Соңғы 10 жыл ішінде кәсіпорын қазандыққа жоғары қысымдағы шаң жіберуден және эмульгаторлардан басқа еш нәрсе енгізбеген. Стансаның атмосфераға зиянды заттарды шығаруы азаймауда.
ШҚО Экология департаментінің бастығы Қанат Мұсапарбековтің пікірінше, ескі қазандықтарды әлемдік стандарттарға сай жаңасына толықтай ауыстыру, «жасыл» технологияларды қолдана отырып, отынды қолданудың жаңа тәсілдеріне көшу қажеттілігі туындады.
Станса басшылығына балама нұсқа ретінде орта қысымдағы қазандықты пайдаланудан шығарып, қазіргі заманға сай экологиялық таза технологиялы жоғары қысымдағы қазандық қондыру, ПӘК-ін көтеру үшін турбиналарды қайта жөндеу, сонымен қатар шығарылып тасталатын зиянды заттардың мөлшерін автоматтандырылған үздіксіз есептеу бағдарламасын және Үлбі өзеніне тасталатын судың жылу энергиясын қолдану бағдарламасын енгізу ұсынылды. Бұдан басқа, кәсіпорынды газға көшіруге болады.