Экологтар темекі фильтрлеріне тыйым салуды ұсынды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Американдық Сан-Диего университетінің ғалымдары табиғатты қорғау үшін темекі фильтрлеріне тыйым салуды ұсынып отыр.

Олардың сөзіне қарағанда, әлемде жыл сайын тартылатын 6 триллион темекінің ішінен 4,6 триллионы қоқыс жәшіктеріне емес, жерге тасталады. Сонымен қатар темекі тұқылдарының құрамында токсиндер, никотин, пестицидтер мен канцерогендер бар. Ал бұл қалдықтар қоршаған ортаға қауіп төндіреді.

Мұнымен қоса шылымның фильтрі табиғатқа әбден зиянын келтіреді екен. Себебі, оның құрамы биохимиялық тұрғыда ыдырамайтын көрінеді.

Осының салдарынан қоршаған ортаға, әсіресе, суға мышьяк, никотин, қорғасын және этилді фенол қосылып жатады. Бұл өз кезегінде табиғатқа және тірі ағзаларға залалын тигізуде, деп жазады Росбалт.