«Бүгінде балық шаруашылығы комитеті балық және балық өнімдерін қадағалаудың ақпараттық жүйесін әзірлеп жатыр. Мақсат – еліміздегі және шетелден әкелінетін балық саласын жүйелеу. Бақылау жүйесі балық аулаудан бастап, сатуға жіберуге дейінгі барлық процесті толық қадағалайды. Балықты ел ішінде сату үшін ветеринарлық анықтама болу керек. Ал балық және оның өнімдері елден тыс жерлерге кететін болса онда ветеринарлық сертификат болуы міндетті», -деді Аян Бахиянов орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Маманның мәліметінше, жоғарыда аталған құжаттарды бассейндік балық шаруашылығы инспекциялары балықтың заңдылығын растаған соң береді.
«Егер балықты сатылымға жіберу барысының заңдылығын тексеруде қандай да кемшілік анықталса, ветеринарлық қызмет рұқсат құжатын ұсына алмайды. Ондай жағдайда балық автоматты түрде браконьерлік, яғни заңсыз жолмен ауланды деп саналады. Қазір жаңа жүйе әзірленіп, сынақтан өтіп жатыр. 2024 жылдың бірінші тоқсанында аталған ақпараттық жүйені енгізу жоспарланып отыр», - дейді ол.