Экономика саласындағы Нобель сыйлығын француз экономисі иеленді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Швецияда экономика саласындағы Нобель сыйлығының лауреаты анықталды, деп жазады 24.kz.

Уақыт өткен сайын адамзат үшін өзектілігі өткірленіп келе жатқан бұл саладағы жүлде француз экономисі Жан Тирольге берілді. Нобель комитетінің назарына профессордың «Нарықтық билік пен салаларды реттеу сараптамасы» атты еңбегі іліккен.

«Көптеген салаларда ірі фирмалар мен монополиялар жиі үстемдік танытады. Бұл нарықтағы реттеудің болмауы әлеуметтік жағынан қолайсыз салдарға әкеп соқтырады. Соның кесірінен бағалар шарықтап, аталған фирмалар бәсекелестерінің нарыққа кіретін жолын біржола жабады. Ал Тирольдің зерттеулері сол нарықты реттеуге жол ашады делінген комитеттің пресс-релизінде.

XXIғасыр басталғалы бері экономика саласындағы Нобель сыйлығы тек америкалықтарға беріліп келді. Сол себепті француз ғалымының оны иеленуі - ерекше атап өтерлік жайт.