Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі еліміздің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған мәселелерді сөз етті

None
АСТАНА. Қаңтардың 30-ы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін Астанада Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі еліміздің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған шараларға байланысты дөңгелек үстел отырысын өткізді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Отырысқа еліміздің бірқатар министрліктері мен ведомстволарының және бизнес қауымдастықтарының өкілдері қатысты. Отырыс барысында олар Бүкіләлемдік экономикалық форумының жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексіндегі Қазақстанның алатын орны және жалпы ішкі өнімге шаққандағы мемлекеттік дефицит, сондай-ақ ақшаның құнсыздануы мен еңбек өнімділігі мен ішкі жалпы өнім өсімі сияқты кең ауқымды мәселелерді сөз етті. Онда аталмыш мәселелерге байланысты аз-кем сөз қозғаған Экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі Марат Құсайынов Елбасының 2006 жылғы Жолдауында мемлекет алдына бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына ену сияқты стратегиялық міндет қойғандығын, ал бұл міндеттің тек қағаз жүзінде ғана емес, Қазақстан қоғамын түрлі бағыттар бойынша әлемдік стандаттарға қол жеткізуіне жағдай жасайтын шараларды жүзеге асыруды қажет ететіндігін атап көрсетті. «Рейтинг жүйелері біздің еңбегіміздің жемісін, қол жеткізген жетістіктеріміздің нақты нәтижесін көрсететін өлшеуші құрал іспеттес. Біз бәсекеге қабілеттілік деңгейімізді байқау үшін де көбіне осы рейтингтерге жүгінеміз. Ал осы рейтингтердің ішіндегі ең бастыларының бірі Бүкіләлемдік экономикалық форумының жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексі болып есептеледі», деді М.Құсайынов.Оның сөзіне қарағанда, аталмыш рейтниг жүйесі бойынша елімізде өткен 2008 жылы жүргізілген сауалнамаға 193 компания қатысқан. Олардың 2 пайызы шетелдік компаниялар болса, 75 пайызы қазақстандық жеке компаниялар. Сондай-ақ 25 мемлекеттік компания бар. «Ұлт экономикасының жағдайы көбіне осы бизнес қауымдастықтарының пікірлеріне байланысты десек, бүгінгі талқыланғалы отырған мәселе біз үшін ерекше маңызды», деді вице-министр.