«Экономикалық қуғын» операциясы Ирандағы жағдайға әсер етті — АҚШ

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ-тың қаржы министрі Скотт Бессент АҚШ санкциялары мен «Экономикалық қуғын» операциясы Тегерандағы жағдайға, сондай-ақ Иранның мұнай министрі Мохсен Пакнежадтың кенеттен отставкаға кетуіне әсер еткенін мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Вашингтондағы меншікті тілшісі.

Фото: britannica.com

— Иранда жаңа мұнай министрі тағайындалды. Иран 25 тамыздан бері бір баррель де шикі мұнайды кемеге тиемегенін ескерсек, мұнай министрі не істейді сонда? — деп жазба қалдырды Скотт Бессент X желісінде.

Бұған дейін, 5 қазанда Бессент АҚШ-тың «Экономикалық қуғын» операциясы нәтиже беріп жатқанын атап өткен болатын. 

— «Экономикалық қуғын» операциясы өз жемісін беріп жатыр: риал рекордтық дәрежеде құлдырады, Иран өткен айда танкерлерге шикі мұнай тией алмады, тіпті Иранның қауіпсіздік саласындағы жоғары лауазымды шенеунігі елдің өз тарихындағы ең қиын кезеңдердің бірін бастан кешіріп жатқанын мойындады. Иран режимі Трамп әкімшілігінің терроризмді қаржыландыруға немесе ядролық қаруды дамытуға ешқашан жол бермейтінін түсібейінше «Экономикалық қуғын» операциясы аяқталмайды, — деп жазды Скотт Бессент X желісінде.

Бұған дейін Kazinform АҚШ пен Иран арасындағы қарым-қатынасқа сараптама жасаған. 

Иран үкіметі экономикалық қысымға байланысты арнайы жұмыс режиміне көшті.