Экономикалық тергеп-тексеру қызметі лауазымдарына қойылатын талаптарға өзгеріс енгізілді
АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элиманов экономикалық тергеп-тексеру қызметі лауазымдарының санаттарына қойылатын біліктілік талаптарына өзгеріс енгізді.
Өзгеріске сәйкес, экономикалық тергеп-тексеру қызметі лауазымдарының санаттарына қойылатын біліктілік талаптарының қазақ тіліндегі нұсқасы ескертпемен толықтырылды.
– Кәсіби даярлығы жоғары, өзіндік ерекшелігі бар білімі немесе белгілі бір мамандықтар бойынша едәуір жұмыс тәжірибесі бар адамдар үлгілік біліктілік талаптарында белгіленген қажетті жұмыс өтілін ескерместен, құқық қорғау органының бірінші басшысының шешімі және (немесе) келісімі бойынша құқық қорғау органдарының лауазымдарына тағайындалуы мүмкін, – делінген құжатта.
Сондай-ақ кадр қызметтерінің басшылық лауазымдары бойынша функционалдық міндеттерді орындау үшін персоналды басқару (HR) саласында сертификаттың болуы талап етіледі.
Айта кетейік, Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элиманов Президентке ведомствоның 2025 жылы атқарған қызметінің басты нәтижелері мен алдағы кезеңге арналған міндеттері жөнінде есеп берген еді.