Бүгін Парламент Мәжілісінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтық заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының таныстырылымы барысында Заңнама және сот-құқықтық реформалар комитетінің төрағасы Нұрлан Әбдіров осылай мәлім етті.
Депутаттың айтуынша, заң жобасы Қазақстан Республикасының 2010-2020 жылдарға арналған құқықтық саясат тұжырымдамасын іске асыру мақсатында әзірленген. Сонымен қатар, құжат қолданыстағы ұлттық азаматтық заңнаманы жетілдіруді көздейді.
«Азаматтық құқық халық үшін қашанда маңызды, бұл кеңінен таралған және әрбір адамға етене жақын құқық болып табылады. Өйткені, азаматтық қарым-қатынас еліміздің әрбір жеке және заңды тұлғаларының күнделікті өмірінде кездеседі. Ал Қазақстанның азаматтық құқығы өзінің дамуының бірнеше сатысынан өтті. Қолданыстағы Азаматтық кодекс тауарлы-ақшалай қатынастардың, меншік түрінің теңділігін, оған қол сұғылмаушылықты, мәміле мен шарттар еркіндігін реттеудің негізгі қағидаттарын қамтыған ірі кодификацияланған акті болып табылады. Сондықтан да, қолданыстағы кодекс елімізде нарықтық қатынастардың дамуына қолайлы жағдай жасап, шетелдік инвестиция тартуға да өз септігін тигізді. Алайда, экономикалық қатынастардың одан әрі дамуы, шетелдік инвестициялар ағыны, ақпараттық және зияткерлік технологиялардың шапшаң дамуы еліміздің ұлттық заңнамасына өзгерістер енгізуді талап етіп отыр», деді Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформалар комитетінің төрағасы Нұрлан Әбдіров.
Депутаттың пайымынша, жеке меншікке құқықтың қазіргі даму сатысында ең бірінші кезекте жария құқықтық және жеке құқықтық қатынастарды реттеу маңызды болып саналады.
«Ұсынылып отырған жаңа заң жобасы адамның азаматтық құқықтарын қорғаудың тиімді құралына айналуы керек», деді комитет басшысы.