Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі төрағасының орынбасары Көкшетауда жұртшылықты жеке мәселелері бойынша қабылдады
17:51, 20 Ақпан 2009
КӨКШЕТАУ. Ақпанның 20-сы. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ - ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі төрағасының орынбасары, генерал-майор Сәттібек Оңғарбаев «Нұр Отан» ХДП Ақмола облыстық филиалының кеңсесінде жұртшылықты жеке мәселелері бойынша қабылдады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Облыстық филиал төрағасының орынбасары Николай Политкиннің қатысуымен іске асырылған шара барысында өңір тұрғындары өздерін толғандырып, шешімін күткен мәселелер төңірегіндегі сауалдарына нақтылы жауаптар ала алды. Көкшетау қаласының тұрғыны Гүлмира Тілегенова әлеуметтік төлемақысын, ал Сабыртай Махамбетов жол апатына ұшырап, соған сәйкес өтемдерін ала алмай жүргендігін, Жанна Исанова жұбайының мерт болуы құқық қорғау органдары қызметкерлерінің кінәсінен екендігін айтты. Атап өтерлігі, қабылдауда болған жеті адамның негізгі сауалдары сот шешімінің заңсыздығы, полиция қызметкерлерінің іске қырсыздығы, пәтер мәселесі төңірегінде өрбіген. Агенттік төрағасының орынбасары келушілердің әрқайсысымен әңгімелесіп, бірқатарына жауап берсе, кейбірін өз бақылауына алуға уәде етті.